Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов ЛГБТ насихатына қатысты заңнамалық түзетулердің қолданылу барысы туралы мәлімет берді, деп жазады Alash.kz.
Оның айтуынша, жаңа нормалар күшіне енгеннен бері осы бағытта ешқандай жазалау шаралары жүргізілмеген. Министрлік өкілі құқық қорғаушылар мен үкіметтік емес ұйымдардың «жаппай жазалау» болады деген қауіптерінің негізсіз екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта жауапты орган тек ақпараттық кеңістікке құқықтық мониторинг жүргізумен шектеліп отыр. Евгений Кочетовтың пайымдауынша, бұл нормалар ақпараттық саясатта түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ, керісінше, контент жариялаушылар үшін алдын алу тетігі ретінде қызмет етуде. Вице-министр ақпараттық айдынның бұрынғы қалыпты жағдайында қалып отырғанын жеткізді.
Министрлік тарапынан жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесі туралы Евгений Кочетов былай деді:
«Жоқ, ешкім жауапқа тартылған жоқ. Бұл жағдайда біз Мәдениет және ақпарат министрлігі жүзеге асыратын құқықтық мониторинг туралы айтып отырмыз. Ештеңе болған жоқ, сондықтан кейбір... үкіметтік емес сектор өкілдерінің қауіптері толық ақталған жоқ. Олай айтуға болады, егер біз ақпараттық кеңістікті, соның ішінде осы тақырып бойынша қарайтын болсақ, шын мәнінде ештеңе өзгерген жоқ. Біз бұл норманың... былайша айтқанда, қандай да бір контент жарияланар алдында ойлану үшін «профилактикалық» рөл атқарғанын көріп отырмыз. Ал жауапқа тарту тұрғысынан, біздің тарапымыздан, құқықтық мониторинг бойынша жағдайлар тіркелген жоқ».