Украина президенті Владимир Зеленский елінің соғысты әлі екі-үш жыл жалғастыруға дайын екенін айтқан. Бұл туралы Польша премьер-министрі Дональд Туск мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
"Президент Зеленский маған соғыстың он жылға созылмайтынына үміттенетінін, бірақ Украина тағы екі-үш жыл соғысуға дайын екенін айтты", – деді Туск.
Польша үкіметінің басшысы Украина мемлекет ретінде міндетті түрде сақталып қалады деп сенетінін жеткізді. Сонымен қатар, ол Ресей экономикасының жаңа санкциялардан кейін "аса ауыр жағдайға" тап болғанын және ұзақ мерзімде өміршеңдігі жоқ екенін атап өтті.
Алайда Туск Ресейдің бір маңызды артықшылығын да атады – "ол соғысқа дайын", бұл соғыс жағдайында шешуші фактор екенін айтты.
Сондай-ақ, ол Батыс елдерін "тәтті иллюзияларға берілмеуге" шақырып, қазіргі қауіптің жаһандық сипатқа ие екенін, оның ішінде киберкеңістікті де қамтитынын ескертті.