Елордалық «Астана» футбол клубы Конференция лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде албаниялық «Динамо Ситиден» өз алаңында ірі есеппен жеңіліп, биылғы еурокубок маусымынан мерзімінен бұрын шығып қалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Өз алаңында өткен қарымта кездесуде елордалық ұжым қарсыластарына 1:4 есебімен жол берді. Ойын барысында «Астана» сапынан Бауыржан Исламхан пенальтиді сәтті орындап, есепте командасын алға шығарған болатын. Алайда көп ұзамай Кипрас Кажуколовастың алаңнан қууылуына байланысты айдын иелері матчты азшылықта жалғастыруға мәжбүр болды. Сандық басымдыққа ие болған «Динамо Сити» футболшылары негізгі уақыт аяқталғанға дейін елордалықтар қақпасына екі гол соғып үлгерді.
Айта кетейік, қос команданың Эльбасанда өткен алғашқы кездесуі 1:0 есебімен «Астананың» пайдасына аяқталған еді. Екі ойынның қорытындысы бойынша жалпы есеп теңескендіктен, жеңімпазды анықтау үшін қосымша уақыт белгіленді. Экстра-таймда қонақтар тағы екі рет көзге түсіп, таразы басын өздеріне аударды.
Осылайша, екі матчтың қорытындысы бойынша «Динамо Сити» 4:2 есебімен басым түсіп, Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алды. Ал «Астана» үшін биылғы еурокубок бәсекесі осымен аяқталды.
Қайта құрылғалы Еурокубокта алғаш өнер көрсеткен семейлік «Елім-ай» да армяндық «Алашкерттен» пенальти сериясында жеңіліп, жарыстан тыс қалды.
Былтырғы маусымда Еуропа Чемпиондар лигасында өнер көрсеткен алматылық «Қайрат» «Сутьеск» клубымен ойында жарыс жолын нәтижелі бастап, келесі турға жолдама алды.
Ал, ел кубогының жеңімпазы «Тобыл» Еуропадағы жорығын екінші кезеңнен бастауға мүмкіндік алды.