Астана тұрғыны маркетплейстерде бизнес жүргізуді үйретіп, тауар сатып алып, қайта сатудан пайда табуға уәде беру арқылы бес адамды алдаған. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 15,6 миллион теңгені құрады, деп жазды Alash.kz.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, әйел әлеуметтік желілерде маркетплейстермен жұмыс істеуді үйрететін курстар ұсынған. Оқу барысында ол тұрғындардың сеніміне кіріп, сатуға арналған тауарларды сатып алу үшін ақша салуды және инвестицияны пайдасымен қайтаруды уәде еткен.
Алайда әйел алған қаражатты өз қажеттілігіне жұмсаған. Салдарынан бес адам материалдық шығынға ұшыраған.
Сот оны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Бұрынғы соттылығы ескеріліп, алты жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары да қанағаттандырылды.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды әлеуметтік желілерде жоғары табысқа кепілдік беретін ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырды. Құзырлы орган ақша аудармас бұрын қаражатты қабылдаушының жеке басын және қызметінің заңдылығын тексеріп, барлық міндеттемені құжат жүзінде рәсімдеуге кеңес берді.