Нұрымовтар шаңырағы тағы да қара жамылды. Екі ай бұрын ғана Шерзат Болаттан айырылған азалы әулет бүгін Нұрқанат Ғайыпбаевты соңғы сапарға шығарып салуға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz Ulysmedia.kz. сайтына сілтеме жасап.
Тілшілерге тек жәбірленушілердің құқығын қорғап жүрген Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен адвокаттар ғана шықты.
Айтбек Амангелді Шерзаттың өлімінен кейін тергеуге байланысты Қаржаубай мен Нұрқанаттың қолы босамағанын, психологтармен азырақ кездескенін айтады. Сөзінше, олармен психологтар қайғылы оқиғадан 40 күн өткеннен кейін сөйлесе бастаған.
- Нұрқанаттың психологиялық жағдайы қанағаттанарлық болатын. Оның жоспарлары бар еді. Ол қандай да бір кіріс көзі болуы үшін ет сату ісін қайта бастаған. Қалай дегенмен де оның терең жан жарасы бар-тын. Шерзат оған іні ғана емес, туған баласы сияқты еді, - дейді ол.
Айтбек Амангелді кеше кешке Нұрқанатты әлдене ренжіткенін атап өтті.
– Кеше кеште үйде бәрі бірге тамақтанған. Нұрқанат бөлмесіне барып, телефон шұқылап отырған. Бір сәтте бірдеңеге өте ренжіген. Тыныстап қайту үшін көлігімен сыртқа шығып кеткен. Артынша, түнгі 12-ден кейін жақындарына түрлі хат жаза бастап, “өзіне ашуланбауды, өкінетінін” айтқан. Осы сәтте отбасы оны іздей бастайды. Төңіректі шолып, Шерзатты зиратына барып таппай қайтады. Кейін қайтадан зират басына барып, бірінші оның есігі ашулы қалған көлігін тапқан. Телефоны ішінде қалыпты. Айналаны іздеп, Нұрқанатты жартылай отырған күйде тауып алған, – дейді Айтбек Амангелді.
Әулеттің адвокаты Саида Тәуекелова Нұрқанаттың өлімі туралы хабарды төбеден жай түскендей қабылдағанын, марқұм күдіктілермен беттестіруде өзін байсалды ұстағанын айтады.
– Шерзат ісі бойынша Нұрқанатпен тергеу амалдарына күнделікті қатысып жүрдік. Ол ауыр психо-эмоционалдық жағдайда болса да көзбе-көз беттестіруді ерлікпен көтеріп жүретін. Оның ет сату ісін жандандырғанына қуанып, кейде өзіміз де отбасыға кіріс кірсін деп көмектесуге тырысатынбыз. Бұл жаңалық – төбесімізге жай түскендей болды, – дейді адвокат Саида Тәуекелова.
Адвокаттың айтуынша, олар Нұрқанатпен бірге сәрсенбі күні “жала жабу”, БАҚ-та “жалған ақпарат тарату” бойынша сотқа қатысуы керек болған. Соған дайындалып жүрген. Сондай-ақ ол Шерзат ісі бойынша тергеу амалдары аяқталуға жақын қалғанын, Нұрқанатпен куәгер әрі жәбірленуші ретінде сотқа дайындалып жүргенін жеткізді.
Келесі адвокат Марал Жайлаубаева Шерзат қайтыс болған күні қаруды марқұм Нұрқанат апарды деп тарап жатқан ақпаратты теріске шығарды.