"Қазақты интеллектуалды ұлт деңгейіне көтерген Алаштықтар жеңіске жеткенде ашаршылық пен репрессия болмас еді". Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, тарихшы, саясаткер Ерлан Саиров Alash.kz ұлттық порталына берген сұхбатында айтты.
- Қазақ даласын дүр сілкіндірген Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы мен Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстардың Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысымен ұқсастықтары мен айырмашылықтары қандай? Осы қозғалыстарды Тәуелсіздікке жол ашқан тарихи қадамдар деп бағалауға бола ма?
- Қазақ халқының тағдыры Алтын Орда хандығымен тікелей байланысты. Себебі, Алтын Орда тарихы дәл осы Қазақстанның аумағында басталған. Алтын Ордаға бірігу арқылы түркі халықтары жаңа идентификацияға ие болып, сол мемлекеттің субьектісіне айналды. Алайда Алтын Орданың тарихтағы рөлі әлсірегеннен кейін, тұрғындар арасында бөліну - атомизация процесі басталды. Қазақ халқы да осы үрдістен тыс қалған жоқ. XVIII – XIX ғасырлар қазақ халқының тарихтағы рөлі төмендеген кезең болды. Исатай Тайманұлы мен Сырым Датұлы бастаған көтеріліс сол уақытта Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған халықтық соғыс болды.
Ал Алаш қозғалысына келетін болсақ, XX ғасырдың басы – интеллектуалды дамудың ғасыры. Білім мен технологияға негізделген осы кезеңде Ноу-хаудың нәтижесінде Еуропа мен АҚШ бұрын-cоңды болмаған теңдессіз ғылыми-техникалық жетістіктерге жетті. Осының бәрін көріп, терең түсінген Алаштықтар: «Біз ең алдымен, білім алуымыз керек. Интеллект арқылы ғана дами аламыз. Егер қазақ халқы тәуелсіз мемлекет болғысы келсе, біздің баршамыз жаппай білім алуымыз қажет» деген ұстанымда болып, бар күш-жігерін білімге салды.
Міне, Алаш қозғалысы мен XIX ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыстардың басты айырмашылығы да осында. Алаш қайраткерлері мемлекеттік құжат – Конституцияның қажеттігін, ғылым мен білімнің маңызын, Қазақ халқы өз алдына дербес мемлекет болғысы келсе, онда міндетті түрде ғылыми-техникалық прогресске ұмтылуымыз керектігін ашық айтты. Сондықтан қазақ ұлтының интеллектуалды деңгейге көтерілуіндегі ең маңызды қадамдар – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды Алаш қайраткерлерінің ұрпақ үшін сіңірген ерен еңбегінен бастау алды.
- 1917 жылы құрылған Алашорда автономиясы мен 1920 жылы құрылған Қазақ (Қырғыз) автономиялық социалистік республикасының ұстанған бағыттарындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар туралы не айтар едіңіз?
- Қазан төңкерісінен кейін қазақтың интеллектуалдары екіге бөлінді. Біріншісі – Алаш қозғалысының өкілдері. Алаштықтар еуропалық бағытты ұстанып, Жапония тәжірибесіне сүйене отырып, ұлтты жаппай сауаттандыруды мақсат етті. Алаш қозғалысын сол кезеңдегі қазақтың пассионарлық қозғалысы деп атауымызға болады. Бұл азаматтар сол кездегі қазақ қоғамының интеллектуалдық деңгейінің төмендеп кеткенін түсініп, тәуелсіздікке тек қана ғылыми-техникалық прогресстің нәтижесінде ғана жете алатынымызды түсінді. Сондықтан бүкіл халықтың сауатын ашып, интеллектуалды деңгейін көтеру қажеттігін алға тартты. Алаш арыстары қазақ халқының мүддесі үшін қарекет етіп, ұлтымызды үлкен жетістіктерге жеткізуге тырысты.
Екінші топ – большевиктерге қосылған қазақ азаматтары. Әрине, олар да өздерінің түп-тамыры – қазақ екенін жақсы түсінді. Алайда, социалистік жолды әділеттілікке тезірек жетудің бірден-бір жолы деп санады. Алаштықтар мен большевиктердің ортақ тұсы – екеуі де қазақ мүддесі үшін жұмыс істеді. Бірақ идеологиялық айырмашылықтары айқын еді: Алаштықтар қазақтың ұлттық мүддесін жоғары қойып, халықаралық, еуропалық құндылықтарға ұмтылса, социалистер большевиктер бағытын ұстанып, социалистік жүйеге бейімделуді таңдады.
- Егер Алашорда автономиясы ұлттық мемлекет ретінде құрылып, дербестігін сақтап қалған жағдайда, қандай өзгерістер орын алар еді? 1921, 1932 жылдардағы ашаршылық пен 1930-1953 жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің алдын алуға мүмкіндік болар ма еді? Бұл тарихи жағдай бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен даму бағытына қалай әсер етер еді деп ойлайсыз?
- Менің ойымша, егер Алаш қозғалысы жеңіске жеткенде, онда біздің еліміздегі ашаршылық пен репрессия болмас еді. Барлық саяси процесс эволюциялық жолмен дамып, елімізде конституция пайда болып, сол кездің өзінде балаларымызды шетелде оқытып, елімізді еуропалық үлгіде дамытуға мүмкіндік туар еді. Алайда, өкінішке қарай, географиялық орналасуымызға байланысты бір жағымызда КСРО, екінші жағымызда Қытай болғандықтан, біз КСРО ықпалынан құтыла алмайтын едік. Бұл -тарихи факт. Сондықтан большевиктер үстемдік құрған сол кезеңде қазақтың интеллектуалдары – Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш қайраткерлері обьективті түрде жеңіліске ұшырады. Дәл осындай жағдайға туысқан Орта Азия елдері, Әзірбайжан, Грузия да тап болды.
Бұл сол кездегі геосаяси жағдайға байланысты болды. Себебі, Ресей империясының негізінде құрылған КСРО-ның әскери және экономикалық күші Қазақстаннан, басқа да бізге туысқан халықтардан әлдеқайда басым болды. Дегенмен, Алаш қозғалысының басында болған ұлт қайраткерлерінің идеялары мен әрекеттері қазақ халқын оятуға, ағартушылыққа және елімізді ғылыми-техникалық прогресске баулудағы рөлі өте жоғары болды. Біз мұны ешқашан ұмытпауымыз керек.
Енді біз осы ата-бабаларымыз аңсап, осы жолда күресіп кеткен басты байлығымыз - тәуелсіздігімізді сақтап, ары қарай ұлт ретінде дамумыз десек, онда біз XXI ғасырдың тенденцияларына сай болуымыз керек. Яғни, Алаштың ұлы жолын жалғап, техникалық прогресске бейім, жаңашыл ұлтқа айналуымыз керек. Қазіргі таңда балаларымыздың математика, робототехника және тағы басқа пәндерден әлем чемпионаттарында жеңіске жетуі – дұрыс бағытта келе жатқанымыздың айқын көрінісі. Бұған қоса, жасанды интеллект, цифрландыру сияқты жаңа тенденцияларға да ерекше назар аударып, балаларымызды осы бағыттарда тәрбиелеп, оқытуымыз керек. Себебі, біз заманауи экономикалық және интеллектуалдық үрдістерге ілеспесек, тарих сахнасынан шеттеп қалуымыз мүмкін. Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, XVIII-XIX ғасырларда біз осы ғылыми-техникалық прогресске бейім болмағанымыздың салдарынан тарихтың перифериясына ығысып қалдық. XXI ғасырда бұл олқылықтың орнын толтыру үшін робототехника, жасанды интеллект, цифрландыру сынды адамзаттың жаңа тенденцияларына балаларымызды баулып қана қоймай, осы жаңа салалардың алдыңғы қатарында болуымыз керек. Тек сонда ғана біз ұлт ретінде озық елдердің қатарына қосыла аламыз.
- Cұхбаттасқаныңызға рақмет! Алаш рухы мәңгі жасасын!
Сұхбаттасқан Зарина ӘШІРБЕК
Alash.kz ұлттық порталы