Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қарағандыда жасөспірімге сатылған 335 литр заңсыз алкоголь тәркіленді

15:36, 08 қараша 2025 86

Қарағандыда «Дала Қырандары» қоғамдық бірлестігінің бақылау рейді барысында жасөспірімге сатылған 335 литр заңсыз алкоголь тәркіленді, деп хабарлайды Alash.kz

Бір апта бұрын ұйымның Telegram-арнасына жергілікті тұрғыннан хабарлама түскен. Әйел адам базарда акциздік маркасы жоқ, бес литрлік бөтелкелерде жасалған алкогольдің ашық сатылып жатқанын хабарлаған. Ақпаратты тексеру үшін қарағандылық қырандар сатып алу тәжірибесін жүргізгенде, сатушы 18 жастағы жасөспірімге ешқандай құжат сұрамай, алкоголь өнімін сатқан.

«Бізге келген ақпарат шындыққа сәйкес келе ме, соны тексергіміз келді. Өкінішке қарай, бәрі расталды. Сатушы кәмелетке толмаған ұйым мүшесіне еш кедергісіз алкоголь сатты. Бұл — ең қауіпті жағдай, өйткені дәл осындай немқұрайлылықтың салдарынан жастар зардап шегеді», — деді қозғалыс үйлестірушісі Мейірболат Тойытов.

Рейдке қарағандылық белсенділермен бірге Теміртау мен Астанадан келген еріктілер де қатысып, жалпы жүзге жуық адам бақылауға шықты. Заңсыз сауда орны «Алтын арба» базарында (8-қатар, 12-корпус) орналасқан, ал әйел адам суррогат алкогольді контейнерден ашық сатқан. Патрульдік полиция, учаскелік инспектор және криминалистер келіп, 335 литр заңсыз алкоголь тәркіленіп, контейнер мөрленіп, тауар сараптамаға жіберілді.

«Алкоголь өнімдері нарығында нағыз бейберекетсіздік болып жатыр. Мұндай суррогатты жастар оңай сатып ала алады. Сол себепті мұндай рейдтерге өзіміз шығамыз», — деді рейдке қатысқан қырандардың бірі.

Қозғалыс үйлестірушісі Мейірболат Тойытов:

«Біз бүгін нақты әрекет етудің үлгісін көрсеттік. Тәртіп есеппен емес, іспен басталады. Мәселені көреміз — және оны шешеміз. Біреулер көзін жұмса, біз қоғамның көзін ашамыз».

«Дала Қырандары» қоғамдық бірлестігі 2023 жылдан бері заңсыз алкоголь саудасын анықтау рейдтерін өткізуде. Осы уақыт ішінде мыңдаған литр суррогат өнімдері тәркіленді. Ұйымның Telegram-арнасына келетін әрбір хабарлама жедел тексеріліп, азаматтардың қауіпсіздігіне басымдық беріледі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар