Ақтөбе облысының Алға ауданына қарасты Бесқоспа ауылында 22 жастағы келіншек өгей қайын атасынан зорлық көрдім деп полицияға шағым түсірді. Оқиға келін мен күдікті бірге тұратын үйде болған, деп хабарлайды Alash.kz.
Ресми дерекке сүйенсек, шағым 29 қазан күні тіркелген. Келіншек оқиғаны өзі барып полицияға баяндаған. Қазіргі таңда іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті - 53 жастағы ер адам, ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.
“Полиция Алға ауданының 22 жастағы тұрғынын зорлау фактісі бойынша күдіктіні ұстады және уақытша ұстау изоляторына қамады. Қылмыстық істі жан-жақты әрі бейтарап тергеу үшін кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды”, - деп мәлімдеді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, жәбір көрдім деген келіншектің екі баласы бар: үлкені үш жаста, кішісі қырқынан енді шыққан. Оқиға кезінде оның күйеуі үйде болмаған. Қазір келіншекке психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті - келіншектің енесінің екінші күйеуі. Әйелдің бірінші жолдасы қайтыс болғаннан кейін екінші рет тұрмыс құрған. Келін сол үйге түскеннен бері барлығы бірге тұрған.
Тергеу жалғасып жатыр. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша жауапқа тартылады.