Дания үкіметі 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Alash.kz порталы BAQ.KZ порталына сілтеп.
Үкіметтің мәлімдеуінше, бастаманың мақсаты – балаларды цифрлық мазмұнның зиянды әсерінен және коммерциялық платформалардың психологиялық қысымынан қорғау.
Келісімге сәйкес, кейбір жағдайларда ата-аналарға 13 жастан бастап балаларға әлеуметтік желілерге кіруге рұқсат етілуі мүмкін, бірақ бұл арнайы сараптамалық бағалаудан кейін ғана жүзеге асырылады. Алайда, тыйым салудың нақты іске асу тетігі әзірге толық анықталған жоқ.
AP хабарлауынша, бұл шешім Еуропалық Одақтағы ең қатаң цифрлық реттеу шараларының бірі болып саналады. Бұған дейін де бірқатар еуропалық елдер балалардың интернеттегі белсенділігін шектеу және әлеуметтік желілердің алгоритмдеріне бақылау орнату туралы бастамаларды қарастырған еді.
Ал Medical Xpress басылымы JAMA журналында жарияланған зерттеуге сілтеме жасап, 9-13 жас аралығындағы балалардың күніне орта есеппен 5,5 сағат экран алдында өткізетінін, ал бұл когнитивтік қабілеттердің (есте сақтау, оқу, сөздік қор) төмендеуіне әкелетінін мәлімдеді.