Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

DOSTYQ RUN 2025: Астанада Польшаның тәуелсіздік күніне орай халықаралық жүгіру марафоны өтті (ВИДЕО)

18:32, 08 қараша 2025 52

Астана Ботаникалық бағында Польшаның Тәуелсіздік күніне арналған “Dostyq Run 2025” халықаралық марафоны өтті, деп хабарлайды Alash.kz.

Іс-шараға Астана қаласының триатлон федерациясымен бірлесе ұйымдастырған шарада қатысушылар 2,5 км және 5 км қашықтықта жүгіріп өтті.

Михал Лабенда - Польша Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің Уақытша сенімді өкілі.

1993 жылы Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ бөліміне оқуға түсіп, еңбек жолын Қазақстанмен жалғаған. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін дипломат осында өзін “үйдегідей” сезінемін дейді.

- Бұл іс-шараны ұйымдастыруымыздың бірінші себебі - Польша мемлекетінің Тәуелсіздік мерекесі. 1918 жылы 11 қарашада Польшамыз қайтадан егемендігін жариялады. Поляк елінің 107 жылдығын тойлаймыз. Екінші себеп, халықтар арасындағы ең маңызды нәрсе - өзара достық. Поляк-Қазақ достығы символы ретінде осы марафонды атап өтіп отырмыз! Іс-шараны Астана әкімдігі және Астана қаласының триатлон федерациясымен бірлесіп ұйымдастырып отырмыз. Барлық марафоншыларға сәттілік тілеймін! - деді дипломат.


Марафонға әр облыс, мемлекеттен жас ерекшелігіне қарамастан 300-ден астам адам қатысты.

Елеусіз Фардабай, зейнеткер:

- Марафонға үнемі қатысып тұрамын. Керемет ауа-райы. Осындай күнде жүгіргеннің өзі - керемет. Денеңді ширатады. Арнайы марафонда жүгіру арқылы қазақ халқының поляк халқына тілектес екенін, тәуелсіздік күнімен құттықтауымызды жеткізгіміз келеді. Жас шектеліп жатқан жоқ. Көптеген жастар да жүр. Ол мені қуантады. Польшалықтарға барлық жақсылықты тілеймін! Экономикасы өсе берсін! Екі елдің достығы нығая берсін!

 Арман Ашкеева, 50 жаста:

- Қарағанды қаласынан боламын. Польша Тәуелсіздік күнін құттықтап, марафонға қатысуға келіп отырмын. Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Әр деталь ойластырылған. Мысалы, қыздарға жеке шатыр, ұлдарға жеке шатыр тігілген. Бүгінгі боранды ауа-райы да, жас ерекшелігіміз де спорт үшін кедергі емес. 

Марафон соңында Ботаникалық бақта әйелдер мен ерлер категориясы бойынша 2,5 және 5 км жүгіріп өткен, ширақ қатысушылар марапатталып, елшілік арнайы әзірлеген сыйлықтарға ие болды. 

Марат Баукенов, 68 жаста:

- Зейнетке шыққалы осындай іс-шаралардан қалмаймын. 5 жыл ішінде жинаған 108 медалім бар. Осы шарадағы ең үлкен адам менмін. Қыстыгүні жүгірген ешқандай да кедергі емес. Астананың ауа-райы керемет қой! Бүгін 2,5 км қашықтықта жүгіріп шықтым. Астаналық зейнеткерлер болып, спорттық шараларды жібермейміз. Мысалы, бір зейнеткер апаларың 42 км қашықтықты еңсеруге Самарқанға кетті. Одан кейін Бакуге аттанады. 

Жүлдегерлерден өзге, туған күн иелері мен алпысты алқымдаған зейнеткерлер де құрқол қайтпады. Оларға Lot әуе компаниясы атынан билет сертификаты табысталды. 

Мұрат Қарымсақов, 65 жаста:

Мұнда балалар, жастар, шетелдік дипломаттар, түрлі жастағы адамдар жүр. Барлығын “достық пен салауатты өмір” деген бір мақсат біріктіріп тұр. Бұл – нағыз мереке! Бүгінгі іс-шарадан қанжығам майланды. Польшалық авиакомпаниямен тегін ұшу мүмкіндігін алдым!

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар