Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Алаштан" қалған асыл сөз

16:33, 29 ақпан 2024 132

"Алаштықтардан" қандай асыл сөз қалды? «Алаш» партиясының құрамында болған алаш көсемдерінің асыл сөздерін топтастырдық. 1917 жылы іргесі қаланған «Алаш» ордасының негізгі мақсаты еркіндікке ұмтылу, қазақтың ұлттық мүдесін сақтап қалу еді.

«Алаш» ордасының көсемі Әлихан Бөкейхан:

Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.

Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі – көш басын да алып жүре алмайды.

Қазақтың оқыған азаматтары, қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп, пайдамызды тигіземіз.

Мен ешқашан Совет үкіметін сүйген емеспін, бірақ мойындадым.

Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады.

Білімге – жақсы да, жаман да жоқ. Білім – алмас қанжар. Кім қолына алса, соның қолы, салып қалса, жақсы-жаманды айырмай, басты алып түседі.

Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар!

 

 «Алаш» ордасының белді мүшесінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы:

Отан – өткенімізді танып, бағалай білу, ең әуелі, өзімізді қадірлей білу.

Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі.

Балшық жаман болса, кірпіші жақсы болмайды, кірпіш жақсы болмаса, үй жақсы болып шықпайды.

Ақылды айту оңай, оны алу да ауыр емес,  орнына келтіру қиын кезде қымбатқа айналып кетеді.

Мәдениеті жоғары халық – мәдениеті төмен халықты аз-көбіне қарамай жем қылатыны айдан анық, күндей жарық ақиқат.

Ағашты кесетін – балта, балтаның сабы – ағаш.

Ұлтына қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылады. Көп жұмыстың ауыры да, жеңілі де болады.

Жадымызда болсын, аз нәрсе көпке сеп болады. Сәл демеу зорға сүйеу болады. Ұлы іс – ұсақтан ұлғаяды. Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына үлес қосу қазақ баласына міндет.

Білім – бір құрал. Білім көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді.

 

«Алаш» ордасының белді мүшесі Халел Досмұхамедұлы:

Білім алуға көп еңбек, аса сабыр керек. Білім алудың жолы көп. Ең көптісі – жақсы мектеп, білімді мұғалім. Мұнан қалса көпке түсінікті жазылған білім кітаптары.

Заманымыз – мәдениет заманы, мәдениетке білім жеткізеді. Білім мысқылдап кіреді, білімді болу үшін сарғаю керек.

Еңбексіз білім жоқ. еңбексіз елді ағартып, тездеп  мәдениетті қыламын деген ой – ақылдан ауысқандық

Тілдің қорықшысы – қара халық.

 

«Алаш» ордасының белді мүшесі Міржақып Дулатұлы:

Шындығында, біздер халықтың басын бәске тіккіміз келмеді. Халық тағдыры карта ойыны емес.

Оқытудағы мақсат – жалғыз құрғақ білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру.

Байлық пен білім бірдей керек.

Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол жұрттың өзі де күшті.

Мәдениетіміздің қаншылық ілгері басқанын, иә, кері кеткенін көрсетіп отыратын қатесіз өлшеуіштің бірі – газет.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар