«Бодандық» дейтін құрсауды бұзып өтіп, отауымыз оңаша тігіліп, отымыз жеке маздайтын азат күнді қайтарып алуды көксеген, сол жолда қылша мойны талша боп іс қылған азаматтар неге атағы айға жетіп тұрған Американы емес, бұл елді үлгі тұтты? Біздің бүгінгі Жапониядан аларымыз бар ма?
Тарих беттерін парақтасақ Жапонияға төңкеріс әкелген «Мэйдзи революциясынан» кейін жапондықтар тез дамуға қабілетті ұлт ретінде танылды. Ал екінші дүниежүзілік соғыста оңбай жеңілген олардың 500 әскери адамы суицид жасап, қалғандары трибуналдың шешімімен өлім жазасына кесілген, мемлекетте әскер ұстауға тыйым салынған, Америка тарапынан бақылауда болған қиын-қыстау кезеңнен кейін аз уақыттың ішінде аяғын қайта тіктеп, әлемдік аренада өзіндік орнын қалыптастырып үлгерген жанкештілігіне таң қалмау мүмкін емес. 1950-1970 жылдар аралығында Жапония экономикасы жыл сайын 15,2%-ға өсіп отырған. Ал ол уақытта бұл өсім Францияда – 6,2%, Англияда – 3%, АҚШ-та 4%-ға ғана тең болған. Бұл кезде Күншығыс елі жалпақ дүниенің көп бөлігін жайлап, соғыстағы жеңісіне мастанған Кеңес Одағын да, өндіру мен өңдеуден алдына жан салмайтын Қытайды да басып озып, дамыған мемлекеттердің ішінен 2-ші орынға тұрақтаған еді. Бұл жаһан жаңалықтарының алдында жүретін, көзді ашып-жұмғанша дамудың жаңа сатысына көтеріле алатын ұлттың тарихынан мысқалдай мысал ғана.
Ал халқының саны 127 млн-ды құрайтын бүгінгі Жапонияның 98,5%-ы тілі, менталитеті, дәстүрі бір жапондықтар. Бір сөзбен айтқанда, Жапония – ұлттық мемлекет. Алашордалықтардың да тәуелсіздікке деген аңсары «ұлттық мемлекет» ұғымымен астасып жатқаны белгілі. «Жас Түркістан» газетінің 1929 жылы 12-санында жарық көрген «Біздің жол» атты мақаласында Мұстафа Шоқай бұл туралы: «...Біздің мұратымыз болса Түркістанда түрі тұрғысынан да, мағына жағынан да ұлттық мемлекет құру, себебі тек осындай түрде ғана халқымыз өз жұртында өз тағдырының құқықты егесі бола алады» деп жазған болатын. Мемлекеттің ділі мен дәстүрі, тілі мен тіршілігі бір, бір терінің пұшпағын илейтін адамдардан құралуының қандай артықшылықтары бар?
Иә, Бердяев айтқандай: «Ұлт дегеніміз – халық емес». Еуропадан келген басқыншылар, жергілікті индеецтер, әр түрлі мақсатпен сол материкке аяғы тиген жандардан құралған, халқының саны жапондықтардан 3 есе көп АҚШ-та қылмыс Жапонияға қарағанда 15 есе көп жасалады екен. Жапония 1945 жылдан бері қылмыс ең аз тіркелген мемлекеттердің қатарында. Бұл мемлекеттің әлемдегі ең қауіпсіз елдердің көшінен орын алуының сыры неде? Жазушы әрі сыншы Анатоль Францтың: «Дәстүр – адамдарды біріктіруге қабілетті күш» деген сөзінде жан бар. Ұлтты бір арнаға ұйыстыруда тасқа қашалған түркінің жазуларындай әр адамның қанында сақталған жазылмаған заңдардың маңызы зор. Шынтуайтында, ұлттық сана-сезімді сіңірген адам үшін темір тордың ар жағына жіберілгеннен гөрі ардың алдындағы айып орасан болады. Өйткені, Әуезов айтқандай: «Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза». Демек, әр ұлттың генетикалық кодында сақталып, атадан балаға мирас болып келе жатқан қағидаттар ұлтты ұлт ететін әрі өз ұлтыңа деген құрмет қалыптастыратын негізгі көрсеткіш. «Өз мемлекетіңді жек көруге болады, бірақ өз ұлтыңды жек көру мүмкін емес» (П.Б.Струве).
Мектептегі алғашқы үш жылда балаларына мінез, таным, өзгелерді құрметтеу, табиғатқа қамқорлық, әділдік сынды қасиеттерді сіңіртуге тырысатын, студенттерді өз кабинеттерін, асхана, сондай-ақ дәретхананы тазалауға баулитын жапондықтар бала тәрбиесіне қатысты да өзіндік принцип ұстанатын ел. Білім беру саласына негізгі материалмен қоса осындай ұстанымдарын кіргізіп әрі жүзеге асыра білген Жапония мұнтаздай тазалықты, өзгелерді құрметтеуді, еңбекқорлықты ұлттық деңгейге көтере алды.
Алашордалықтардың ғаламдық өзгерісті өз табиғаттарына ыңғайлап алатын, қара алтын мен ақ алтыны болмаса да еңбекке тынған халқы бар, дәстүр мен заманауи жетістіктерді қатар алып жүретін Жапонияны үлгі етуінде де өзіндік мақсат болғанын осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Иә, рухани байлық пен материалдық байлықты, ұлттық тәрбие мен техника, технология өндіруді құстың қос қанатындай тең ұстай алсақ Қазақ елі де күндердің күні алаш арыстары арман еткендей әлемде орнын ойып тұрып алатын Күншығыс елінен де қуатты мемлекет бола алады деген үміт мол.
Шынәділ Салтанат