Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алаш жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, ауырлық келсе, сырт беретін қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі "Алаш" партиясына кірмейді

15:11, 20 мамыр 2024 419

АЛАШ ПАРТИЯСЫ

3 қараша 1917 ж.

"Алаш" партиясының сиезінде Уақытша облыстық комитеті ашылды. Кірген кісілер: Әлихан Бөкейхан, Райымжан Мәрсеков, Имам Әлімбеков, Ахметжан Қозыбағаров, Тұрағұл Құнанбаев, Халел Ғаббасов, Садық Дүйсенбиев, Әлімхан Ермеков, Мұстақым Малдыбаев, Әнуар Молдабаев, Биахмет Сәрсенов.

Бұлардан басқа уез басы 1 кісі кіруге орын қалдырылды. Сөйтіп, "Алаш" партиясының сиезіндегі обласной комитеттің адамы 15 болмақ.

Комитеттің председателі: Халел Ғаббасов, жолдасы (орынбасары) Ахметжан Қозыбағаров, қазынашысы Әнуар Молдабаев, секретары (хатшысы) Садық Дүйсенбиев болды. Құрметті председатель (болып) Әлихан Бөкейханов сайланды.

"Алаш" партиясының толық шартманасы Орынборда жасалатын болды. Даяр болғанда жұртқа жарияланады. Қазіргі шарты - кіндік комитеттің, бұл жасалғанша уақытша обласной комитеттің айтқанын екі қылмайтын, бұйырғанын дәл орындайтын, "Алаш" партиясының программасын жақтырып жөн көрген, программасындағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді.

"Алаш" (партиясының) программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындық, туысқандық бұйрығы болмайтын, дүние-мүлікке қызығып сатылмайтын шыншыл, адал, тура кісі кіреді.

Сыртын берсе, іші басқа, тілін берсе жүрегі басқа болатын, сөзіне ісін үйлестірмейтін, Алаш жолынан ауып, айтысып-тартысуға жарамайтын, ауырлық келсе, сырт беретін қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі "Алаш" партиясына кірмейді. "Алаш" партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарттарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн.

10. Жиылыс бостандығы

Әкімнен рұқсат сұрамай, мейлі далада, мейлі ойда топ жинап, әр түрлі мекемелер жайынан кеңесуге әрбір адам еркін болу.

11. Баспасөз бостандығы

Әкімнен қысымшылық көрмей, рұқсат сұрай алмай, газет, кітап, жарнамалар басып таратуға әрбір адам ерікті болу. Баспасөз бостандығы болғанда цензура (өзі аңду) болмау. Ауызша, яки баспасөзбен икілеу, өсектеу, кісі өлтіру секілді жұмысқа сот алдында жауапты болу.

12. Жүру-тұру бостандығы

Паспорт алу міндетті болмай, ешбір кедергі көрмей, әр адам бір жерден екінші жерге баруға ерікті болу.

13. Одақтасу бостандығы

Көпке бірдей мақсаттарға жету үшін қосылушылар еш рұқсат сұрамай одақтаса беру. Осы көрсеткен жоспарды қазақ халқының алдына салып, "Алаш" партиясынан сайланатын депутаттар топқа түсіп, тартысатынының қысқасы осы дейміз.

"Сарыарқа" газеті. - 1917. №19.

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. X том.- Астана, 2018

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар