Қазақ әдебиет тарихында алғаш балаларға арнап шығармалар, суретті кітапшалар 1929 жылдан бастап жарық көре бастады. Балардың болмысына, психологиясына, олардың ойлау жүйесіне алғаш бейімделіп, балаларға арнап Ілияс Жансүгірұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы бастаған қазақ жазушылары қалам тербеді.
Қазақ әдебиет тарихында алғаш балаларға арнап шығармалар, суретті кітапшалар 1929 жылдан бастап жарық көре бастады. Балардың болмысына, психологиясына, олардың ойлау жүйесіне алғаш бейімделіп, балаларға арнап Ілияс Жансүгірұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы бастаған қазақ жазушылары қалам тербеді. 1929 жылдан бастап Ілияс Жансүгірұлы «Балаларға тарту», «Балаларға базарлық», «Малта», «Шәукеннің шәркейі», «Жұмбақ», «Одақ» деген бірнеше суретті кітапшалар ұсынса, Жүсіпбек Аймауытұлы «Жаман тымақ», «Шал мен кемпір», «Көк өгіз», «Үш қыз» ертегілерін суретті кітапшалар ретінде ұсынды.
Оқырман қауымға алғаш балаларға арнап жазылған суретті кітапшалар, яғни, алғашқы комикс форматында жазылған кітапшаларды ұсынамыз:
Ілияс Жансүгірұлы «Шәркей» кітабы
1929 жылы Қазақстан баспасынан жарық көрген. Суретті кітапшада автор ауыл баласы Шәутеннің іс-әрекеттері арқылы балаларға малға күтім жасау, еңбек ету, шыдамдылық, сабырлық қылуды дәріптейді.
Жүсіпбек Аймауытұлы «Көк өгіз» кітабы
1929 жылы Қазбас баспасынан жарық көрген. «Көк өгіз» атты ертегі – қазақ әдебиетіндегі терең мағыналы, тәрбиелік мәні зор шығармалардың бірі. Шығармада көк өгіз арқылы Жүсіпбек Аймауытұлы бірлік пен татулықтың маңыздылығын, дүниеқоңыздық пен өзімшілдіктің зиянын көрсетеді.
Жүсіпбек Аймауытұлы «Жаман тымақ» кітабы
1929 жылы Қазбас баспасынан жарық көрген. Автор «Жаман тымақ» шығармасы арқылы кедей халықтың ауыр тұрмысын, әлеуметтік теңсіздікті, байлардың қатыгездігін және биліктің әділетсіздігін сынға алады. Шығармада жаман тымақ – кедейдің жалғыз мүлкі, оның ар-намысы, соңғы үміті ретінде суреттеледі.
Ілияс Жансүгірұлы «Балаларға базарлық» кітабы
1929 жылы Қазбас баспасынан жарық көрген. Бұл кітапта автор балаларға төрт түлік малды, жан-жануарларды, сүтқоректілерді, құстар мен үй жануарларын жеке-жеке таныстырады. Бұл еңбек балалардың ой-өрісін дамытуға, табиғатты, жан-жануарларды сүюге бейімдейді.
І.Жансүгірұлы, Ж.Аймауытұлы алғаш қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаған қаламгерлердің бірі. Бұл комикс форматында жазылған кітаптар 1929 жылдан бастап жарық көріп, әдеби ортада жоғары бағаланып, оқырман қауымға «Шіркей» кітабы 5000, «Көк өгіз» кітабы 4000, «Балаларға базарлық» 5000 данамен тарайды. Бұл еңбектер балаларға ұғынықты тілде жазылған, қазақ балалар әдебиетінің бастауында тұрған шығармалар.
Жауынбай Жылқыбайұлы