Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік апат: Іс туралы ел естімеген ақпарат шықты (ВИДЕО)

17:18, 26 наурыз 2026

Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдулдинов Әл-Фараби даңғылында орын алған, бірнеше адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу барысын жариялады, деп жазады Alash.kz. 

Қазіргі уақытта Zeekr электрокарын басқарған 32 жастағы жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырғандықтан, құзырлы орган басшысы тергеудің ашықтығы мен заңдылығына баса назар аударылатынын жеткізді.

Полиция департаменті басшысының айтуынша, күдікті ретінде танылған жүргізуші апаттан кейін ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен. Осыған байланысты қазіргі уақытта онымен тікелей тергеу амалдарын жүргізу мүмкін болмай отыр. Алайда ол жалпы палатаға ауыстырылған бойда құқық қорғау органдары оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдауды, атап айтқанда, қамауға алу мәселесін қарастыруды жоспарлап отыр. Күдіктінің ауруханаға түскен сәттегі қаны сараптамаға жіберілген, бірақ оның қорытындысы әзірге дайын емес.

Аталған іс аясында тек жүргізушінің іс-әрекеті ғана емес, сонымен бірге оқиға орнында жұмыс істеген полиция қызметкерлерінің де жұмысы тексерілуде. Қазіргі таңда тәртіп сақшыларына қатысты қызметтік зерттеу басталды. Егер тексеру барысында полицейлер тарапынан қандай да бір заң бұзушылықтар немесе салғырттық фактілері анықталатын болса, олардың әрекеттеріне қатаң құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қолданылатын болады.

Тергеу тобы қажетті сараптамалардың нәтижесін күтіп отыр және оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты зерттеуді жалғастыруда. Жүргізушінің денсаулығы жақсарып, сараптама қорытындылары шыққан бойда жаңа мәліметтер жұртшылыққа қосымша хабарланады. Департамент басшылығы бұл істің әділ жүргізілуін жеке бақылауына алғанын мәлімдеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар