Нью-Мексико штатында 16 жастағы жасөспірім төрт адамды өлтірді деген күдікпен тұтқындалды. Жергілікті биліктің мәліметінше, ол өзі 911 қызметіне қоңырау шалып, қылмысын мойындаған, деп жазады Alash.kz.
Нью-Мексико полициясының деректеріне сәйкес, жасөспірім диспетчерге “отбасын өлтіргенін” айтқан.
Оқиға орнына жеткен полицейлердің алдында ол үйден қолын көтеріп шығып, берілген.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, күдікті мас күйінде болған.
Үйдің ішінен төрт адамның денесі және тапанша табылды.
Құрбандардың жастары 42, 35, 16 және 14 жаста болған.
Әзірге билік қаза тапқандар мен күдіктінің туыстық байланысын ресми түрде растаған жоқ.
Штаттың полиция тергеу бюросы агенттері мен қылмыстық тергеу тобы оқиға орнын қарап, куәгерлерден жауап алып жатыр.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстары жүргізілуде. Іс материалдары кейіннен аудандық прокуратураға сотқа дейінгі қудалау үшін берілетін болады.