Құрметті оқырман! Әже жайлы үздік өлеңдер топтамасын ұсынамыз.
* * *
Ақ айдынға салып бақыт кемесін,
Жарқын жүзбен қуанышпен келесің,
Құтты болсын жетпіс бесің, Әжетай,
Өзіңізді бір құдайым демесін.
Бәйтерексіз жапырығы жайқалған,
Барша жұртқа жақсылығың байқалған.
Есен болсын ұрпағыңыз көрінген.
Ән қалықтап, күй төгілсін төріңнен,
Бақ орнасын әрдайым басыңызға.
Жас қосылсын, Әжетай, жасыңызға,
Отбасына қуаныш сыйлап талай,
Амандықпен жетіңіз жүзге қарай!
* * *
ӘЖЕМНІҢ ҰРШЫҒЫ
Бір сәтке, әже, тыншып па ең –
Шүйкеге мол жіп жиылып.
Отырушы едің ұршықпен,
Уақытты қоса иіріп.
Қолыңнан шыққан сыйлықтар,
Қонатын үйге құт болып.
Секундтар және минуттар,
Иірілетін жіп болып.
Сен жоқта көңіл серги ме,
Сағындық аңсап – бұл шыным.
Иесіз қалды төргі үйде,
Киелі сенің ұршығың.
Кетсең де алыс Күнге ұшып,
Кетпейсің естен, ендеше,
Өзің боп мені жүр құшып,
Сен тоқып берген кеудеше.
Өзімді сонда жұбатып,
Өмірге іштей күйінгем.
...Ұршық қой мына Уақыт,
Жіп қылып бәрін иірген...
/Бауыржан ЖАҚЫП/
* * *
Әже сен бірге жүрсің меніменен
Өліге мен өзіңді телімегем
Ақ кимешек көрген бір кемпір көрсем
Ақ кимешек астынан сені көрем
Өңі, түсі өзіңнен бір аумайды
Немересін ертпесе жүре алмайды
Таныс дауыс, таныс сөз, таныс мәсі
Көзіме оттай басылып алаулайды
Аппақтығы ұқсайды әрінің де
Әжімің де аумайды, тәлімің де
Әлемдегі әженің бәрі бір ме
Әже сен тірі екенсің әлі күнге
Қия өтпейді, ұқсайды ізеті де
( Ізетсізді бұларда күзетуде )
Бұларда бабасынан алып қалған
Өз жұртының дәстүрін күзетуде
Әже сен бірге жүрсің меніменен
Өліге мен өзіңді телімегем
Ақ кимешек көрінсе сені көрем
Ақ кимешек жоғалса нені көрем
*
Мұқағали Мақатаев
Тентек болсам, ашынып,
жақсы іс қылсам, асырып,
маған сақтап жүреді
тәттіні де жасырып.
Келгенімше бақшадан
күтеді ылғи асығып.
Ұрысады апам, жатса егер
ойыншығым шашылып.
Паналаймын сонда оны
мойынына асылып.
Тосып тәтті дәмдерін,
ол бар жерде бал жедім.
Мен ұйықтарда айтады
ертегісін, әндерін.
Біздің үйде осындай
әжетайым бар менің!
Фариза Оңғарсынова
*
Асыл әжем, ғасыр әжем аңсаған,
Сағынышым - сары ормандай самсаған.
Әке болып жүргенімді ұмытып,
Әлі күнге еркелеймін мен саған.
Құлындаймын асыр салған аңғарда,
Қозыңдаймын ойнақтаған албарда.
Өзің барда қысылмаймын күлуге,
Жылауға да қысылмаймын сен барда.
Мен өзіңнен қабылдаппын сүюді,
Мен өзіңнен қабылдаппын күюді.
Сенің жаның жүрегіме ораулы,
Менің жаным жаулығыңа түюлі.
Тұра тұршы түзелгенше бұзығың,
Жүре тұршы жалғанғанда үзігің.
Маған дәулет неге керек, ақ әже-ау,
Өзің бірге көре алмасаң қызығын?!
Қадыр Мырза-Әлі