Талдықорған қаласында 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында марқұмның жұбайы, айыпталушы Айбар Жанболаттан жауап алынды, деп жазады Alash.KZ.
Сот барысында айыпталушы оқиға күні жұбайымен арада жанжал болғанын және оны ұрғанын жоққа шығармады. Алайда ол күш қолдану бір-екі рет шапалақпен ғана шектелгенін айтты. Сонымен қатар, жәбірленушінің бас сүйегі мен қабырғасының сынуына не себеп болғанын білмейтінін жеткізді. Оның сөзінше, ауыр жарақаттар баспалдақтан құлау салдарынан болуы мүмкін.
Айбар Жанболат сот алдында жасаған әрекетіне өкініш білдіріп, марқұмның ата-анасынан кешірім сұрады.
– Бұл жағдай кездейсоқ әрі өзімнің ойланбай жасаған әрекетімнің салдары деп есептеймін. Жұбайымды шын жүректен жақсы көрдім. Оны әдейі өлтіремін деген ойым да, мақсатым да болған емес. 22-сіне қараған түн мен үшін өте ауыр өтті. Бұған дейін, шамамен мамыр айының соңында, арамызда түсінбеушілік болған. Ауылдық жерде байланыс нашар ұстайды. Тамақтанып отырған кезде телефонды терезе жаққа қоямыз, қоңырау не хабарлама келсе сол жерден байқаймыз. Сол күндердің бірінде әйеліме біреу хабарласып, ол сыртқа шығып сөйлескен. Алғашында күмәнданған жоқпын, – деді сотталушы.
Айыпталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындамады. Айта кетейік, бұған дейін өткен сот отырысында ол жауап беруге әзір емес екенін мәлімдеген болатын.