Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Әйелін қызғанған. 21 жерден пышақтаған, көп қан жоғалтты…”: Жаңаөзендегі дәрігер қазасына қатысты тың ақпарат шықты (ВИДЕО)

15:54, 31 қаңтар 2026

Жаңаөзен қаласында аурухана дәлізінде кісі қолынан қаза тапқан 29 жастағы терапевт-дәрігердің өлімі жайлы тың дерек шықты, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында 29 жастағы дәрігер пышақ жарақатынан аурухана дәлізінде ажал құшты. Терапевт Нұрдәулет Аманғалиевке ер адам суық қарумен емдеу мекемесінің ішінде тап берген. Марқұмның туыстары күдіктінің қылмысқа баруына қызғаныш себеп деп отыр. Яғни, қамауға алынған азаматтың жұбайы медбике болып жұмыс істеген екен. Ақ халаттылар қанды оқиғадан кейін медициналық мекемеде күзет күшейтілгенін жеткізді. 

«Оны 21 жерден пышақтаған. Жау адам олай жасай ма?! Адам дұшпанына да олай жасамайтын шығар. Адам итке де олай жасамайтын шығар. Ол кішкентай бала ғой. Сонша адам бар. 21 жеріне пышақ сұққанша ешкім көрмеген бе?! Бәрі қарап тұра берген бе екен?! », - дейді Нұрдәулет Аманғалиевтің анасы  Информбюро порталына берген сұхбатында.

Қапыда ұлынан айырылып қалған Нұрдәулеттің анасы кешірім бермейміз деп отыр. Ал денсаулық сақтау басқармасының басшысы марқұмның шабуыл кезінде көп жарақат алғанын айтты. Оны Ақтаудан арнайы ұшып келген әріптестері де аман алып қала алмапты.

«Мойын аумағының, кеуде қуысының, қолдарының терең кесілген жарақаты. Ірі-ірі тамырлар зақымдалған болатын және де көп мөлшерде қан жоғалтқан болатын. Шұғыл түрде операцияға алынған болатын. Емдеу шараларына қарамай, әріптесіміз қайтыс болды», - деді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бекболат Ізбасаров.

Өмірін медицинаға арнаған дәрігердің артында боздап ұлы мен қызы қалды. Ол Марат Оспанов атындағы университетте 9 жыл білім алып, бір жыл бұрын Жаңаөзен қаласына қызметке келген. Әріптестері марқұм жұмысына адал, өте мықты маман болғанын айтады

 «Жұмысына өте жауапты, өте ұқыпты, тіл алғыш. Жас мамандардың арасында өзін ерекше көрсетіп, алғырлығын, білгірлігін көрсетіп, аға мен сіздей болғым келеді деп жүрген жас мамандардың бірі әрі бірегейі еді. Үміт күттірер жас дәрігерлердің бірі еді», -дейді Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасы басшысының міндетін атқарушы Марат Еделханов.

Полиция қайғылы оқиғаға қатысты «адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Құзырлы органның мәліметінше, күдікті полицияға өз аяғымен барып берілген. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар