Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атқан Ернар Жиембайға қатысты сот процесі жалғасуда. Күдікті сотта айыпталуына себеп болған жағдайларды егжей-тегжейлі баяндап берді, деп Alash.kz ұлттық порталы Kursiv.media сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейінгі сот отырысында Жиембай Берденовпен алғаш рет қалай кездескенін айтып, сол сәттен бастап психологиялық қысымға ұшырағанын жеткізген еді. Оның айтуынша, кездесудің басынан-ақ Берденов дөрекі сөйлеп, ар-намысына тиетін сөздер айтқан.
"Сенің түрің қандай қандай өзі? Шаштарың түсіп қалған. Қайдан келгенсің өзің» деді. Көңіліме тиіп кетті. Бірақ ол кісіге артық сөз айтпадым. "Жұмыста осылай киінесіңдер ме сендер" деді. Жағдайды түсіндірейін деп едім, уын шашып жібереді. Қабылдамай жатты. Мен сөйлеймін, ол жерге кіргізеді. Жұмысымды көрсетейін десем, "сен өзі қандай адамсың" деп, балағаттады. Кабинетінен шығып кеттім", – деді ол.
Сол жолы Жиембай өз жұмысын таныстыруға тырысқанымен, Берденов оны сөзін бөліп, кемсіткен. Тіпті көмекшісі арқылы қайта кіргізілген сәтте де оны мазақ етіп, «сен мылқаусың ба?» деп тіл тигізген. Кейіннен Жиембайға қалалық құрылыс басқармасынан хабарласып, Берденовтің "соттатамын" деген сәлемін жеткізген.
Кейін күдікті мәселені ашық талқыламақ болып, тағы бірнеше адамның көмегімен Берденовпен қайта кездеспек болған. Алайда ол кездесуде де ауыр сөздер айтылып, жағдай одан әрі ушыққан.
"Бір нәрсе істеп қойсам түсінемін. Жәйдан жәй тағдырымды сындырып жіберейін деп жатыр. Арадан екі апта өтті. Осы уақыт ішінде күйзеліске түстім, стресс алдым. Кабинетіне келдім. Берденов "сен кірш" деді. Ең қатты ашуланғаным сол жер болды. "Сен арыз жазбаймын деп жатыр екенсің ғой. Ернар сені қаматамын. Әйелің әдемі екен. Қамаласың әйелің жезөкше болады, балаң жетім қалады. Саған сол керек пе?" деді. Үндемедім, бірақ ашуландым. Балағаттады. "Кім не айтқанын білмеймін. Сізді құрметтеймін. Мені қаматамын дегеніңізді түсінбедім. Не үшін маған тіс қайрап тұрсыз? Не істедім сізге? Әйеліме лайк басқаныңызды көріп, қызғаныш сезімдерімді айтып жатқан жоқпын" десем, "сен әйеліңді маған жабыстырма. Қатыныңа ие бол. Өзіңе сенімсіз еркексің ғой" деп менің айтқанымбы басқа жаққа бұрып кетті", – деді Жиембай сотта.
Сотта Жиембай Берденовтің әйеліне қатысты айтқан ауыр сөздері мен балағаттаулары, сондай-ақ өзінің отбасылық жағдайын (әкесінің ауыр дертке шалдыққаны, әпкесінің жалғызбасты ана болғаны, ұлының ерекше бала екені) тілге тиек етіп, оған психологиялық қысым көрсетілгенін айтты.
"1 айда арызыңды жаз. Әйеліңе қ..- ғың тұрмайды" дегенде ұрып жібергім келді. Өзімді жерден төмен сезіндім. "Шектен шығып кеттіңіз" дедім де шығып кеттім. Өлгім келіп кетті. Намыстан өліп кеттім. Өз-өзімді қоярға жер таппай кеттім. Арада уақыт өтті. 20 сәуір күні кешке әйеліммен ұрыс басталды. Таңертең бала-шағаны балабақшаға алып барып, жұмысқа баратын болдым. Ұрыс жалғасты. Басымды кетірген әйелімнің "Мен күйеуімнің белсенді, бұлшық етті, келешегі бар болғанын қалаймын" дегені. Бұл еркек ретінде намысыма тиіп кетті. "Кімді мысалға келтіріп тұрсың?" дедім. "Руслан Берденов" деді", – деді сотталушы
Айта кетейік, жәбірленуші Руслан Берденов денсаулығына байланысты сот отырысына қатысқан жоқ. Ал өткен отырыста судья Абинұр Қарабаев оның сотқа қатысуын міндеттеген болатын.
Еске сала кетсек, Ернар Жиембайдың ісі Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі ("Адам өлтіру") және 24-бабы 3-бөлігі ("Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу") бойынша қаралып жатыр.