Костанай облысында өз отбасын аяусыз өлтірген 45 жастағы Виталий Логуновқа қатысты сот үкімі шықты. Ол жұбайы мен енесін өлтіріп, кейін өзіне қол салмақ болғаны үшін айыпталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиға шілде айының ортасында Қарабалық ауданында болған. Виталий Логунов 39 жастағы әйелі мен 74 жастағы енесін пышақтап өлтіргеннен кейін, оқиға орнынан қашып кеткен. Оны полиция бірнеше күн бойы іздеді. Ақырында ер адам ауыл шетіндегі сарайдың ішінен қансырап жатқан күйінде табылған. Белгілі болғандай, ол өз денесін кесіп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған.
Логунов дереу ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек алғаннан соң қамауға алынған.

Сот процесі жабық режимде өтті. Бұл шешім істің жеке өмірге қатысты деректерге байланысты қабылданған. Сол себепті тергеу мен сот тыңдалымдарының толық мәліметі жария етілмеді.
Белгілі болғандай, мемлекеттік айыптаушы 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Алайда сот 19 жыл түрме жазасын тағайындады.
“Сотталушыға орташа қауіпсіздік мекемесінде 19 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, — деп хабарлады Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, сот моральдық шығынды өндіру туралы азаматтық талапты толық қанағаттандырғанымен, өтемақының нақты сомасы жарияланған жоқ.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ, тараптардың апелляциялық шағым түсіру құқығы бар.