Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Әйелдің бетіне қышқыл шашқан" - Шымкентте жантүршігерлік оқиға болды

20:24, 14 тамыз 2026

Шымкентте 42 жастағы әйелге бұрынғы күйеуі қышқыл шашып, ауыр жарақат салған. Оқиға 2 тамызда болған. Қазір жәбірленушінің жағдайы ауыр, оған бірнеше ота жасау қажет болып отыр, деп жазады Alash.KZ

Жәбірленушінің анасы Нигара Мурзаметованың айтуынша, қызы бұрынғы күйеуімен 2019 жылы танысып, одан қыз туған. Алайда бала дүниеге келгеннен кейін ер адам әйелінің атына несие рәсімдегені белгілі болған.

«Қызым бала туғаннан кейін алты ай өткенде қатты қиналып, үнемі көңілсіз жүрді. Кейін күйеуінің оның атына миллион теңге несие алғанын білдік. Одан бөлек, күйеуі менен көлік аламын деп 300 мың теңге сұраған. Ақшаны алғаннан кейін ізін суытты», – дейді анасы.

Оның сөзінше, ер адам бірнеше жыл бойы қызымен байланыспаған. Осы аралықта әйел алимент өндіру туралы сотқа жүгінген. Алайда бұрынғы күйеуі табысын небәрі 80 мың теңге деп көрсетіп, ай сайын 10 мың теңге көлемінде ғана алимент төлеп отырған.

Шілде айының соңында ер адам әйелдің жұмыс орнына келіп, жанжал шығарған. Ол бұрынғы әйелінен алименттен нотариус арқылы бас тартуын талап еткен. Кейін оның қайтадан несие рәсімдеуге мәжбүрлемек болғаны анықталған.

Анасының айтуынша, оқиғаға дейін ер адам қызын екі күн бойы аңдыған. Ол Алматыға билет алып, түнгі сағат үш шамасында әйелге бөтен нөмірден хабарласқан.

Өзін клиент ретінде таныстырған ер адам әйелден шугаринг қызметін көрсетуді сұраған. Ол таңертең ұшаққа отыруы керектігін айтып, кездесуге келуін өтінген.

Әйел бұрынғы күйеуінің арам ойын білмей, кездесуге барған. Ер адам тасада жасырынып тұрып, оған сұйықтық шашқан. Жәбірленушінің анасы бұл сұйықтықтың қышқыл болғанын айтты.

«Қызым жан даусымен айқайлап, көмек сұраған. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары жүгіріп келген. Қызым су сұраған. Бір адам бес литрлік су әкеліп, бетіне құйған. Кейін жедел жәрдем шақырған», – дейді Нигара Мурзаметова.

Оқиғадан кейін күдікті Алматыға қашып кеткен. Алайда полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында оның орналасқан жерін анықтап, сол күні Алматыда ұстаған.

Шымкент қаласының полиция департаментінің мәліметінше, 2 тамызда қала тұрғыны дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.

«Анықталғандай, оның бұрынғы күйеуі алдау жолымен кездесуге шақырып, әйелдің үстіне сұйықтық құйып, оқиға орнынан бой тасалаған. Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады», – деп хабарлады полиция.

Қазір күдікті қамауға алынған. Қылмыстық істің тергелуі Шымкент қаласы полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Жәбірленушінің жағдайы ауыр. Анасының айтуынша, әйелге алдағы уақытта бірнеше ота жасалуы мүмкін.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар