"Талибан" үкіметі университет бағдарламасынан әйелдер жазған барлық еңбектерді алып тастап, гуманитарлық бағыттағы бірнеше пәнді оқытуға тыйым салды, деп хабарлайды Alash.kz.
BBC Afghan деректеріне сәйкес, жоғары оқу орындарынан 679 кітап алынып тасталған. Олардың шамамен 140-ы әйел авторлардың еңбектері. Тыйым салынғандар арасында қоғамдық-саяси мәтіндер ғана емес, сонымен қатар ғылыми еңбектер де бар. Мәселен, "Химиялық зертханадағы қауіпсіздік" атты оқу құралы да тыйым салынғандар тізіміне енген.
Сонымен бірге, ирандық авторлар мен баспалар шығарған 310 кітап оқу бағдарламасынан алынып тасталды. Комиссия өкілдері мұны "ирандық ықпалдың білім беру жүйесіне енуін болдырмау қажеттілігімен" түсіндірді.
Тыйым тек кітаптармен шектелген жоқ. Университеттерде 18 пәнді оқытуға рұқсат берілмейді. Оның ішінде гендерлік зерттеулер, әйелдер социологиясы, коммуникация курстары және адам құқықтары пәндері бар.
"Талибанның" Жоғары білім министрлігінің академиялық департаменті басшысының орынбасары Зиаур Рахман Аюбтың айтуынша, шешім "діни ғалымдар мен сарапшылар кеңесімен" қабылданған.
Ал Ауғанстанның бұрынғы әділет министрінің орынбасары, еңбектері де тыйым салынған автор Закия Адели бұл шешімге таңғалмағанын жеткізді:
"Әйелдерге білім алуға мүмкіндік берілмеген жағдайда, олардың көзқарастары мен еңбектерінің де тыйымға ілігуі заңды құбылыс. Бұл - талибтердің соңғы жылдары жүйелі түрде жүргізіп келе жатқан әйелдерге қарсы саясатының жалғасы".
Ауғанстандық оқытушылар жаңа тәртіп білім сапасына үлкен соққы болғанын айтады. Өйткені көптеген университеттер халықаралық ғылымға қол жеткізу үшін ирандық аудармалар мен оқу құралдарын пайдаланған. Енді кейбір оқытушылар мәжбүрлі түрде жаңа оқулық жазуға кірісіп жатыр, бірақ олардың сапасы халықаралық стандарттарға сай боларына күмән бар.