«Жоғарыда атап өттім, жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын жасақтау жұмысын бастау үшін біз бірқатар рәсімді өткізуіміз керек.
Ең алдымен, Құрылтайдың басшылық құрамын сайлап, құрылымын қалыптастыру қажет. Өздеріңізге мәлім, Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Президент ұсынады.
Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын.
Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді.
Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Құрылтай депутаттары «Әділет» партиясының жетекшісі Айбек Дәдебайды жаңа заң шығарушы органның төрағасы етіп сайлады.
— Конституцияға сәйкес Құрылтай төрағасы жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Жасырын дауыс беруге арналған тізімге депутат Дәдебай Айбек Арқабайұлы енгізіледі, — деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Құрылтайдың жалпы отырысында.
Депутаттар арасынан есеп комиссиясы құрылып, комиссия дауыс беру барысын қадағалады. Осы орайда 145 депутаттың 144-і Айбек Дәдебайдың кандидатурасын қолдады.
Айта кетейік, оның кандидатурасын Құрылтай төрағасы лауазымына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын.