Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданындағы мектептің алғашқы қоңырауы жұрттың жағасын ұстатты, деп жазады Alash.KZ.
Бұл – Жетібай ауылындағы Жамбыл бастауыш мектебі. Видеодан алғашқы қоңырауға нәбәрі 15 оқушының қатысқанын көруге болады. Ал мектеп құжаттарына сенсек, мұнда 6 мұғалім сабақ береді.
Видеодан мектептің тозғанын, тіпті іргетасының құлағалы тұрғанын, ауласында ешқандай жол салынбағын аңғарамыз. Мұны көргендер «Африкада мұндай мектеп жоқ шығар», «Ауыл молдасы сабақ бере ме?», «Алты жасар Алпамыстан қалған мектеп емес пе?» деп жазып жатыр.
2021 жылға дерек бойынша, ауылда 281 тұрғын болған. Ал тозығы жеткен білім ошағы 1984 жылы салынған. 40 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген ғимаратты ұстаздар өздері әктеп-сырлап, балаларға жағдай жасап отырады екен.
Ескі терезе, жабылмайтын есік, үгілген іргетас, тар сыныптар – ауыл балаларының көретін күнделікті көрінісі. Алайда ауыл тұрғындары биліктің назар аударуын күтіп отыр.