Белгілі саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Талғарда Қаржаубай Нұрымовтың отбасында болған қайғылы оқиғалар тізбегі авторитар биліктің бойында “пост-Қаңтар синдромының” күшейе түскенін көрсетеді деп баға берді, деп хабарлайды Alash.KZ Dalanews.kz сайтына сілтеп.
Бұл жайында ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды. Айтуынша, Ақорда мен күштік құрылымдар халықтың наразылығынан қорқып, азаматтарды бақылауда ұстау үшін барын салуда.
“Ақорда мен күштік құрылымдар “халық көтеріліп кетпесе болды” деген үреймен азаматтарды, тіпті әділет іздеп шырылдаған Қаржаубай Нұрымов секілді жәбірленушілерді де алдап-арбауға, үркітуге, айыппұл салуға, қамауға дайын екенін анық көрсетті”, — дейді ол.
Оның сөзінше, Әділетті Қазақстан халық өз мемлекетіне сенген жағдайда ғана орнайды.
“Талғардағы трагедияны “Ескі Қазақстанның Тоқаевқа жасаған саботажы” дейтін конспирологтар шықса, еш таңғалмаймын. Шын мәнінде, қазір Қазақстанда билікті дәл өзі сияқты дискредитациялайтын саяси күш жоқ.
Әділетті Қазақстан, Тоқаевша айтсақ, “заң диктатурасымен” орнамайды. Әділетті Қазақстан азаматтар өз мемлекеті қорғансызға қорған болғанда, құқық қорғау органдары істі ашық әрі жан-жақты қарағанда, соттың әділ шешім шығаратынына шын сенген жағдайда ғана орнайды. Ел байлығының жартысынан астамы бар болғаны 165 адамның қолында шоғырланған, халқы айлығының 70%-ын тамаққа жұмсайтын, әрбір бесінші азаматы шетелге көшуді ойлайтын Қазақстанда ол сәттің жақында тумайтыны анық.
Ал ол күн туғанша Астанада ықпалды көкесі, оффшорда миллиондаған доллары, күштік органдарда “крышасы” жоқ “әлсіз” отбасыда туылған әрбір қазақстандық қатыгез, қорқақ әрі селқос қоғамда о бастан аутсайдер болып қала береді”, — деп қосты ол.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.