«Әділет» партиясы Қазақстанның тау-кен металлургия кешенін дамытуға бағытталған жаңа бастамалар әзірлеуге кірісті. Партияның Іскерлік кеңесі алаңында өткен кездесуде сала кәсіпорындарының басшылары, мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтардың өкілдері өндірісті жаңғырту, шикізатты терең өңдеу, инвестиция тарту және инженерлік кадрларды даярлау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Alash.kz
Кездесуді ашқан партия төрағасы Айбек Дәдебай Қазақстанның минералды шикізат қоры ел экономикасының дамуына қызмет етуі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, шикізатты экспорттаумен ғана шектелмей, оны ел ішінде терең өңдеу жаңа өндірістерді ашып, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
«Бұл тек экономикалық мәселе емес, бұл – әділдік мәселесі. Жер байлығы халықтың әл-ауқатына айналуға тиіс. Сондықтан біз шикізатты терең өңдеуді дамытуға және жаңа өндірістерді қолдауға бағытталған бастамаларды толық қолдаймыз», – деді Айбек Дәдебай.
«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша тау-кен металлургия кешені Қазақстанның ЖІӨ-нің шамамен 8 пайызын қамтамасыз етіп, өндіріс көлемі 14 трлн теңгеден асты. Экспорт көлемі 21,4 млрд АҚШ долларын құрады.
Кездесуде сала өкілдері теміржол логистикасын жетілдіру, инвестиция тарту, кәсіпорындарды жаңғырту және білікті кадрлар даярлау мәселелерін көтерді. «Қазақмыс» корпорациясы мен «Qarmet» компаниясының басшылары мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы әріптестікті күшейту, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен қызметкерлердің кәсіби дамуына инвестиция салудың маңызын атап өтті.
Жиын қорытындысында Айбек Дәдебай бизнес, салалық қауымдастықтар және сарапшылар ұсынған бастамалардың барлығы жинақталып, «Әділет» партиясының тау-кен металлургия саласын дамыту жөніндегі бірыңғай ұсыныстар пакеті әзірленетінін мәлімдеді.
Кездесу соңында партия қатарына жаңадан қабылданған мүшелерге партиялық билеттер табысталды.