Белгілі журналист Нұрсейіт Жылқышыбай өнер және медиа саласы өкілдерінің депутаттыққа ұмтылуына қатысты пікір білдіріп, әріптестерін мемлекеттік істерге жауапкершілікпен қарауға шақырды, деп жазады Alash.kz.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында алдағы уақытта орын алуы мүмкін саяси өзгерістерге тоқталып, шоу-бизнес пен блог саласы тұлғаларының билікке араласуын орынсыз деп санайтынын жеткізді. Журналистің пайымдауынша, саяси алаң сахна немесе телестудия емес, ел болашағына тікелей әсер ететін маңызды институт.
Нұрсейіт Жылқышыбай қоғамда айтылып жүрген Парламенттің таратылуы және жаңа Құрылтайдың құрылуы туралы ақпараттарға байланысты өз көзқарасын білдірді. Ол халықтың жақсы өмір туралы уәделерді естуден шаршағанын алға тартып, саясатқа кәсіби біліктілігі бар мамандар келуі тиіс екенін меңзеді. Оның айтуынша, шығармашылық өкілдерінің депутаттыққа ұмтылуы мемлекеттік басқару ісінің сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Өзінің жазбасында журналист бұл мәселені нақтылап, былай деп жазды:
«Парламент тарайды, жаңа Құрылтай құрылады дейді. «Бәрі жақсы болады» деген әңгімені ести беруден жалықпаймыз... Бір өтініш бар. Әнші, журналист, блогер, квншиктер – лыпылдап жүріп, партия атынан “халық қалаулысы” болуға ұмтылмасаңыздар екен. Бұл әдемі сөйлейтін студия немесе сахна емес, ел тағдыры шешілетін жер!»
Сөз соңында ол саясатқа келуге ниетті әріптестері мен өнер адамдарын бұл қадамға жеңіл-желпі қарамауға үндеді.