Ақтаудағы барлардың бірінде келушілер арасында болған жанжалдан кейін атыс ұйымдастырған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға Ақтау қаласының 7А шағынауданында орналасқан ойын-сауық орындарының бірінде орын алған. Бұған дейін әлеуметтік желіде тараған таспадан белгісіз адамның екінші азаматтың бетіне «Аңшы сигналы» деп аталатын іске қосу-сигнал беру құрылғысынан оқ атқаны, салдарынан жәбірленушінің түрлі жарақат алғаны көрінген еді.
Осы дерекке байланысты полиция қызметкерлері бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын. Тамыз айының соңында полиция өкілдері тергеу амалдарын толық аяқтап, жинақталған материалдарды сот қарауына жолдаған.
Маңғыстау облыстық прокуратурасының мәліметінше, сот шешімімен айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі («Бұзақылық») бойынша кінәлі деп танылып, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.