Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Адам өлтіруді алдын-ала жоспарлаған, талқылаған” - Яна Легкодимованың сұмдық өліміне қатысты тергеуші бар шындықты айтып берді

09:29, 23 қараша 2025 143

Яна Легкодимованың өлімі бойынша жүргізілген қылмыстық істің тергеу барысына жауапты аға тергеуші Темірхан Хажмұратов қылмыскерлерді әшкерелеуге мүмкіндік берген айғақтар мен әдістер туралы баяндап берді, деп хабарлайды Alash.kz Stan.kz порталына сілтеме жасап. 
Оның айтуынша, істің күрделілігіне қарамастан, тергеу тобы цифрлық және жедел-іздестіру деректерін кешенді зерттеу арқылы бұлтартпас дәлелдерге қол жеткізген.

Тергеушінің мәліметінше, Яна Легкодимованың денесі табылғанға дейін айыпталушылардың әрекеттеріне қатысты маңызды деректер жиналған. Хажмұратов жетекшілік еткен топ өшірілген хаттарды қалпына келтіріп, күдіктілердің электрондық құрылғыларындағы іздерді зерттеген, сондай-ақ тергеу изоляторындағы тұлғалар арқылы аудиожазбалар алған. Оның айтуынша, дәл осындай кешенді жұмыс айыпталушылардың жасырған мәліметтерін ашуға мүмкіндік берген.

Тергеуші Темірхан Хажмұратов істің негізгі ерекшеліктерін былай түсіндірді:

“Бұл істе ең қиыны Янаны өлтірген Хайыржанов пен Қатимов екеніне бұлтартпас дәлелдер табу болды. Олардың ішінара мойындауы және оқиға орнынан видеолар бар, бірақ олар нақты дәлел болмайды, тіпті айыпталушыларды қорғап алуы да мүмкін. Бұл істе бұлтартпас дәлел “В контакте” желісіндегі хаттар болды. Кісі өлімін тергегенде әдетте тергеушілер оның алдындағы оқиғаларға терең үңілмей, нақты өлімнің өзіне назар аударады. Бірақ Яна ісінде айыпталушылардың бір-біріне жазған хаттары оқиғаның толық көрінісін құрады. Хаттарда олардың өлтіруді талқылағаны, жоспарлағаны, не туралы сөйлескені және одан кейін өздерін қалай сезінгені бар. Сол себепті де жазылған хаттар бұл тергеудің негізгі кілті болды. Оқиға болған жердегі бейнебақылау камерасындағы жазбаға басты назар аудардық. Бүкіл бейнебақылау камераларындағы жазбаларды мұқият қарап шығу оқиға болған жерді табуға мүмкіндік берді”, – дейді аға тергеуші Темірхан Хажмұратов.

Тергеу барысында айыпталушылардың интернеттегі іздеу тарихы да маңызды дәлел ретінде тіркелген. Олар жазған сұраулардың мазмұны тергеу нұсқасын нақтылауға мүмкіндік берген.

Аға тергеуші тіпті сотталғандардың интернеттен не нәрселерді іздегенін де, компьютеріндегі деректерді де тауып, зерттеген.

Тергеуші бұл туралы былай дейді:

“Оған қоса біз олардың интернеттен не іздегенін де анықтадық, яғни бұрын ізделген нәрселер сақталып қалған. Сұрауларының қатарында “Қазақстанда кісі өлтіргені үшін қанша жылға соттайды?”, “Атыраудағы “Сергек” камераларында видеолар қанша уақыт сақталады?”, “Ауладағы видеожазбалар қанша уақыт сақталады?”, “Мәйітті қалай суға батырып жіберуге болады?”, “Адамды қалай улауға болады?” деген сұрақтар болды. Олар өлтірудің әртүрлі әдістерін іздеген”, – дейді ол.

Темірхан Хажмұратовтың айтуынша, тергеу барысында заманауи технологиялар кеңінен қолданылған. Цифрлық деректерді қалпына келтіру мен құрылғылардың сақтық көшірмелерін зерттеу де істі ашуға ықпал еткен.

“Осы істі тергегенде біз қылмыскерлердің цифрлық ізін зерттеу, өшірілген деректерді қалпына келтіру тәжірибесін жаңадан қолдандық. Қазір әр смартфонда файлдар, қалталар және қолданбалар сақталатын деректердің сақтық көшірмесі – backup болады. Тіпті сотталғандардың жұмыс компьютерлерінде сақталған мәліметтерді де зерттедік. Мұндай шаралар әдетте кісі өлтіруді тергеуде қолданылмайды. Кісі өлтірудің өзі дәлелденген кезде олар қажет емес. Бірақ бұл жағдайда тергеу цифрлық дәуірдің талаптарына сай жүргізілді дей аламыз. Соның арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздік”, – дейді аға тергеуші.

Тергеуші мәлімдегендей, дәл осы цифрлық айғақтардың жиынтығы Яна Легкодимованың өлімі бойынша қылмыстық істі аяқтауға және күдіктілердің кінәсін дәлелдеуге мүмкіндік берген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар