Қазақтың мақтанышы, дзюдодан әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері Әбиба Әбужақынова «7-арнадағы» Әйгерім Сейфолланың «Сырласу» бағдарламасына қонақ болды. Бағдарлама барысында спортшы қыз жетістіктерін, өмірін сөз етіп, өзін сынағандарға жауап берді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Әбиба Әбужақынова, бір өкінерлігі, Париж Олимпиадасында жүлдеге іліне алмай қалды. Десе де, халық қошеметіне бөленген қазақ қызына отандық кәсіпкерлер қолдау білдіріп, бірнеше көлік сыйға тартты.
1bol.kz порталы спортшы сөзін алға тартты:
«Әбиба әдейі жылап жүріп халықтан көлік алды» деген пікірлер жазылды. Сол адамдар менің бұрынғы күресімді көрмеген шығар, себебі мен бұрыннан қуансам да, ұтылып жыласам да, эмоциямды татамиде көрсетемін. 2023 жылғы әлем чемпионатында иығымнан жарақат алып, бесінші орын алдым. Қола медаль үшін күресте жеңілідм. Өйткені қолымды көтере алған жоқпын. Күйінгеннен татамиде жыладым. Соны көріп қолдағандар да бар. Ал Олимпиада ойындарын бәрі көрді, сондықтан бірден танып қалды. Жаман пікір жазғандар да бар, бірақ сондай көп емес – 10 пайыз шығар», - деді Абиба.
Сонымен қатар, спортшы қыз сыр бөлісті. Оның айтуынша, спортшы жарақат алса, ешкімге керек болмай қалады.
«Жеңілген кезде және жарақат алған кезде ешкімге керек емессің. «Көзден кетсең, көңілден кетесің» деген рас сөз. Әсіресе спортта солай. Жоқ болсаң, сені ешкім іздемейді де», - деп ойын айтты ол.
Абужақынова Олимптада ойындарынан келгелі ешқандай жарысқа қатысқан жоқ.