Абай облысы Бородулиха ауылында қаза тапқан 20 жастағы Дильназ Сабыржанқызының анасы қоғамға үндеу жасап, қызының өліміне қатысты істі жария талқылауға шақырды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Қайғылы оқиға 13 шілдеге қараған түні болған. Таңертең Дильназдың денесі ауылдағы үйлердің бірінің маңынан табылған. Марқұмның денесінде 16 пышақ жарақаты болған.
Тергеу мәліметінше, күдікті – Дильназдың 20 жастағы танысы. Полиция оның қызбен жеке араздық салдарынан жанжалдасқанын хабарлаған. Оқиғадан кейін күдікті ұсталып, қамауға алынған. Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі – «Адам өлтіру» бойынша тергеліп жатыр.
Марқұмның анасы қызының жалғыз перзенті болғанын айтып, істің барлық мән-жайы толық зерттеліп, қылмыстың ауырлығына сай құқықтық баға берілуін сұрады.
«Дильназдың бүкіл өмірі алда еді. Ол менің жалғыз балам, үмітім әрі тірегім болатын. Қызымның қазасына қатысты істі жария етулеріңізді сұраймын. Оның өлімінің мән-жайы мен жасалған қатыгездікке әділ құқықтық баға берілуі керек», – деді анасы.
Марқұмның ата-анасы істің қазіргі құқықтық саралануына қатысты сұрақтары бар екенін айтып, қылмысты неғұрлым ауыр бап бойынша саралауды талап етіп отыр.
Дильназдың әкесі Сабыржан Темірхан қылмыс кезіндегі жарақаттардың көптігі, күдіктінің оқиғадан кейінгі әрекеттері және іздерді жасыруға талпынысы болуы мүмкін деген деректер тергеу барысында ескерілуі тиіс деп санайды.
Марқұмның туыстары істі ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру тұрғысынан да қарауды сұрап отыр. Тергеудің түпкілікті құқықтық бағасы әзірге белгісіз.