Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Абай облысы әкімдігінде кадрлық ауыс-түйіс: Үш басқарма басшысы тағайындалды

16:19, 12 қазан 2026

Абай облысы әкімдігінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Үш басқармаға жаңа басшы тағайындалды, деп хабарлайды Alash.kz.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, аймақ басшысы Берік Уәли облыс активіне балалар құқықтарын қорғау басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Бұл қызметке ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Айжан Дәуітбекқызы Мұқатова тағайындалды.

Айжан Дәуітбекқызы Мұқатова 1998 жылы Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін «ағылшын тілі мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1998 жылы Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде ағылшын тілі мұғалімі болып бастаған. 2007–2017 жылдары аталған колледждің ағылшын тілі бөлімінің меңгерушісі, 2017–2025 жылдары Семей қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жоғары санатты педагогы болды. Осы мектептің KIVA бағдарламасының мүшесі, буллинг және кибербуллинг бойынша жұмыс тәжірибесі бар.

Осы тағайындауға дейін Семей медициналық колледжі директорының стратегиялық дамыту жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.

Сондай-ақ аймақ басшысы Берік Уәли бүгін облыс активіне туризм басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Бұл қызметке ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Қуаныш Әділбайұлы Әбілдаев тағайындалды.

Қуаныш Әділбайұлы Әбілдаев 2011 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін, 2014 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, 2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын бітірген.

Әр жылдары Қызылорда облысы сот актілерін орындау департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша басқармасы мен департаментінде түрлі лауазымдарда еңбек етті.

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы, Қызылорда облысы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің бас инспекторы, Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, Семей қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

Осы тағайындауға дейін Абай облысының туризм басқармасының туризмді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы болды.

Сонымен қатар облыс әкімі Берік Уәли облыс активіне су ресурстары және ирригация басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Бұл қызметке ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен және облыс әкімінің өкімімен Асхат Сайдахметұлы Смаилов тағайындалды.

Асхат Сайдахметұлы Смаилов 1968 жылы Семей облысында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша бітірген.
 
Еңбек жолын 1991 жылы Ақсуат аудандық қаржы бөлімінің кірістердің түсуіне болжау және экономикалық талдау бойынша аға экономисті ретінде бастаған.

1994-1997 жылдары Ақсуат аудандық қаржы бөлімінің салықтарды болжау бөлімінің меңгерушісі, қаржы бөлімінің меңгерушісі, 1997-2002 жылдары Тарбағатай ауданының қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 2002-2005 жылдары Тарбағатай аудандық экономика бөлімінің бастығы, 2005-2007 жылдары Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары, 2007-2009 жылдары Тарбағатай аудандық қаржы бөлімінің, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы, Көкжыра ауылының әкімі болды.

2009-2010 жылдары Тарбағатай ауданы әкімі аппаратының басшысы, 2010-2018 жылдары Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары, 2018-2020 жылдары Көкпекті ауданының әкімі, 2020-2022 жылдары Тарбағатай ауданының әкімі, 2022-2024 жылдары Абай облысы  Ақсуат ауданының әкімі, 2024-2025 жылдары Абай облысы қаржы басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

Осы тағайындауға дейін Абай облысы әкімінің кеңесшісі болды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар