Алматының Түрксіб ауданында жасөспірімдер арасындағы жанжал салдарынан 12 жасар мектеп оқушысы пышақ жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, оқиға 10 маусымда болған. Адам өлтіру күдігімен марқұмның танысы 13 жасар жасөспірім құрықталды. Алдын ала болжам бойынша, екі баланың арасындағы келіспеушілік соңы қанды шабуылға ұласқан. Қазіргі уақытта күдікті арнайы мекемеге орналастырылып, қылмыстық іс аясында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ тергеу қорытындысы бойынша күдіктінің ата-анасының да жауапкершілігі қаралатын болады.
Ал Абылай есімді марқұм баланың туыстары оған тоғыз жерден пышақ сұғылғанын алға тартуда. Олар күдіктінің кәмелетке толмаған жасын алға тартып, тиісті жазадан құтылып кетуінен қауіптенеді. Қаралы отбасы істің әділ әрі ашық жүруі үшін құзырлы органдардан және жалпы қоғамнан осы жағдайға барынша назар аударуды сұрап отыр.