Түркияның Денизли – Айдын тасжолында жолаушылар тасымалдайтын автобустың қатысуымен ірі жол апаты болып, соңы қайғылы жағдайға ұласты, деп хабарлайды Alash.kz.
Измир қаласынан Антальяға қарай бет алған қоғамдық көлік Тырказ ауданының маңында жол жиегіндегі қоршауға соғылып, соққыдан кейін бірден өртке оранған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, көлік ішінде 38 жолаушы мен тасымалдаушы компанияның үш қызметкері болған. Оқыс оқиға салдарынан 8 адам, соның ішінде автобус жүргізушісі мен тоғыз айлық нәресте оқиға орнында тіл тартпай кетті. Сонымен қатар түрлі деңгейде жарақат алған 33 азамат жедел жәрдем көлігімен жақын маңдағы емдеу мекемелеріне жеткізілді. Қаза болғандардың мәйіттері тиісті сот-медициналық сараптамадан өткізу үшін арнайы орынға жөнелтілді.
Қайғылы жағдай орын алған бойда оқиға орнына өрт сөндірушілер, дәрігерлер, полиция және жандармерия қызметкерлері жедел жұмылдырылды. Құтқару және тазалау жұмыстарының жүргізілуіне байланысты Денизли бағытындағы көлік қозғалысы шамамен төрт сағатқа жуық уақытқа шектелді.