Жетісу облысында 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты жаңа деректер шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
“Күйеуі атпен сүйреп өлтірді” делінген келіншектің қазасы туралы айыптау актісіндегі қылмыстың мән-жайы төмендегідей:
…2025 жылдың маусым айының басында, тергеумен анықталмаған күні Жанболат жұбайы Жұманованың біреумен сөйлесіп тұрғанын көріп және SMS хабарламасы келгенін естіп, қасына барып, кіммен сөйлесіп жатқанын білейін деген кезде жәбірленуші ашуланып, ұялы телефонын бермей, жерге ұрып сындырып тастаған. Содан соң Жұманова ашулықпен Жанболаттың ұялы телефонын сұрап алып, оның да телефонын лақтырып, сындырған. Сол күннен бастап, екеуінің арасында отбасылық жанжал пайда болып, бір-бірімен сөйлеспей, ренжісіп жүрген. 2025 жылы 21-маусым күні таңғы сағат 5-тер шамасында Жанболат атпен мал бағуға кеткен. Сол күні сағат 16:30 шамасында үйге қайтып келген кезде табалдырықта Жұманованың біреумен сөйлесіп тұрғанын көріп, кіммен сөйлескенін сұраған кезде жәбірленуші жауап бермей үйге кіріп кеткен. Ал, Жанболат мотоциклге отырып, Суықсай ауылы, Омаров көшесі 12 мекен-жайында орналасқан дүкенге барып, 7-8 бөтелке сыра сатып алып, оны үйге қайтарда жолда ішкен. Жанболат үйге келген соң жұбайының оның алдында ұялы телефонмен белгісіз адаммен сөйлескені үшін қызғаныштан Жұманованы өлтіруге қылмыстық ой туындаған.
Осыдан кейін 2025 жылы 22 маусымда түнгі сағат 00:00 шамасында алкогольді масаң күйде бола тұра, бұрын спортпен айналысқанын және физикалық тұрғыда басым екенін пайдаланып, қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында жәбірленуші Жұманованы жоғарыда аталған мекен-жайда орналасқан үйдің қақпасына қарай, сыртына шығарып, оған денесінің әртүрлі бөліктеріне аяқ-қолдарымен бірнеше рет дене жарақатын келтірген. Осы кезде Жұманова айғайлап, жылап соқпауын өтінген. Алайда, Жанболат қылмыстық іс-әрекетін тоқтатпай, Жұманованың өмірлік маңызды дене мүшелері, яғни бас тұсынан аяқ-қолдарымен көптеген соққылар жасап, есінен тандырған. Әрі қарай жәбірленушінің өмір белгілерін көрсетпегеніне қарамастан өзінің қылмыстық әрекеттерін, яғни адам өлтіру деген қасақана ниетін жалғастыра отыра, Жұманованың қарсылық көрсете алмағанына қарамай денесінен бірнеше рет аяқ-қолдарымен көптеген соққылар жасап, дене жарақаттарын келтірген. Жанболат жұбайы Жұмановаға медициналық көмек көрсетуге шара қолданбай, жедел жәрдем де шақыртпай, аса ауыр қылмыс санатындағы қылмыстық құқық бұзушылығын жасыру мақсатында жәбірленушіні сол күні қылмыс жасағаннан кейін бірнеше сағат өткеннен соң тек түнгі сағат 02:30 шамасында Талдықорған қаласында орналасқан облыстық ауруханаға жеткізген.