«Копейск қылмыскері» психдиспансерде еден жуушы болып жұмыс істеп жүр, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Бір кездері 6 қызды өлтіріп, олардың денелерін қорлаған Вячеслав Яиковтың жағдайын дәрігерлер тұрақтандырған. Қазір ол аурухананың ішкі және сыртқы аумағын тазалау ісіне жауапты.
SHOT дерегінше, Смоленск облысындағы психикалық ауруханада мәжбүрлі ем қабылдап жатқан сериялық қылмыскер соңғы уақытта өзін өте тәртіпті ұстап жүр.
Яиков мекеме тәртібін еш бұзбаған, тіпті жазуды да үйренген (ұсталмай тұрып, олигофрения салдарынан жаза алмаған). Осы мінсіз тәртібінің арқасында оған еден жуушы қызметі сеніп тапсырылған: ол еден жуып, қар тазалайды.
Қазір Яиковтың туыстары оны Челябіге ауыстыруға тырысуда, себебі 81 жастағы анасы баласын барып көргісі келеді. Алайда диспансер әкімшілігі бұған қарсы, себебі ол – өте қауіпті қылмыскер.
Үйіне жазған хаттарында Яиков тазалықшы ретінде жақсы жұмыс істеп жүргенін, «тәртіпті балаға» айналғанын және қыздарға қарамайтынын жазады.
Қарт анасы ұлына ай сайын 15 келі түрлі тәтті-дәмді салып, сәлемдеме жіберіп отырады.
Яиков 2000-жылдардың басында Копейскіде өз қылмыстарын жасаған. Ол анасы екеуі Қырғызстаннан көшіп келген болатын. Қыздарды аңдып, оларды ішімдікпен қызықтырып, кейін аяқ астынан беттен ұрып, есінен тандырған.
Жәбірленушілерді бұталар арасына сүйреп апарып, тұншықтырып өлтіріп, өлі денелеріне зорлық көрсеткен. Ол екі мектеп бітіруші қызды өлтіргеннен кейін ұсталған.