Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“6 жерінен пышақтаған”: Талдықорғанда 20 жастағы жігіт оқушының қолынан қаза тапты

13:57, 19 мамыр 2026

7 мамырда Талдықорғанда 20 жастағы жігіт қайтыс болды. Анасының сөзінше, сол күні ол достарымен футбол көру үшін күдіктінің пәтеріне жиналған. Сол жерде 17 жастағы мектеп оқушысы мен жігіттің арасында жанжал шығып, оқушы оған пышақ салған. Алған жарақатынан бір әулеттің жалғыз ұлы қаза тапты, деп жазады Alash.kz.

Qaz365.kz хабарлауынша, қайғылы оқиға болған күні марқұм анасымен бейнеқоңырау арқылы еш алаңсыз, күліп сөйлескен екен. Бір отбасының жалғыз ұлы болған соң, бұл жағдай жақындарының қабырғасын әбден қайыстырған. Қайғыдан қан жұтқан отбасы тергеу жан-жақты өтіп, сот әділ шешім шығарады деп үміттеніп күтіп отыр.

Анасы марқұмның өте ұстамды, адамгершілігі мол азамат болғанын айтты. І.Жансүгіров атындағы университеттің 2-курсында «Құқық және экономика» факультетінде оқып жүрген Жәңгір Нұрланұлы отбасының жағдайын жасап, қарындасын оқытамын деп алдына түрлі мақсаттар қойған. Өмірге деген құлшынысы, ерік-жігері мол болған марқұм жайлы анасы былай деді:

«Ұлым 2006 жылы дүниеге келген. Отбасында бір ұлым, бір қызым бар еді. Осы ұлым үйдің үлкені еді. Қызым биыл 11 сынып бітіргелі отырған. Сол қарындасы оқуын бітіргенде "гүл алып келемін" деген еді. Ұлым өте ақылды болды. Жолдасбеков атындағы оқу орнын қызылға бітірген. Мектепті де жақсы оқыған. Өте адамгершілігі мол бала еді. Ұлымның алпыс ерге татитын құны бар еді. Үлкендердің қолынан келмегенді жасап, құран бағыштап, ораза ұстайтын, намаз оқитын, жұма намаздан қалмайтын. Көп баланың ішінде жарқ етіп көзге түсетін өзінің ерекшелігі болды. Салмақты, ұстамды адам еді. Арзан күлкіге, қылжаққа жоқ еді. Колледжді қызылға бітіріп, І.Жансүгіров атындағы университеттің 2-курсында «Құқық және экономика» факультетінде оқып жатқан еді», — деді марқұмның анасы.

Анасының айтуынша, қайғылы оқиға болатын күні марқұм тым алаңсыз болған. 

«Оқиға болған күні кешке сөйлескен едім.  Көңіл күйі жақсы еді. Күліп, бейнеқоңыраумен сөйлесті. Ол Талдықорғанда әкесінің жанында, тұрып жатқан. Сол күні кешке: "Анашым, жарайды. Кешке сөйлесеміз ғой" деп қолын бұлғап, дос балаларымен бірге үйге қарай кетіп бара жатқан. Сол соңғы хабарласқаны болды», — деді марқұмның анасы.

Анасының сөзінше, сол түні футболдан матч болады деп, достарымен бірге көру үшін күдіктінің пәтеріне жиналған.

«Сол күні түнде аяқ астынан достары шақырған. Түнде сағат 12:00 шамасында матч болады екен. Соған бір үйге жиналған. Он шақты бала ма... Нақты санын білмеймін. Сол жаралаған бала да бар. Сол жерде ерегіс болған. Бала мектеп оқушысы. Далада болды дейді. Қазір тергеу жүріп жатыр. Оқиғаны анық-қанығына дейін білмейміз. Білуімше бұлар ерегісіп, бір тарқасып содан қайта жолыққан. Әлгі оқушы бала қайта шақырып, қасақана 6 жерінен пышақтаған», — деді марқұмның анасы.

Марқұмның анасы бір ғана ерегістің осындай ауыр жағдайға ұшыратқанына қатты налиды. Ол мұндай жағдайды ешкімнің басына тілемейтінін айтты. 

«Сот заң аясында әділ шешім шығарады деп күтіп отырмыз. Тергеу жүріп жатыр. Оқиға болған жердің бәрінен сараптама алып, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бір ерегіске бола бір адамның өмірі қиылды. Жастар сәл болса да мейірімді болса, ата-анасын ойласа деймін. Мектеп оқушысы өзінің кәмелеттік жасқа толмағанын, жасының кіші екенін біліп тұр. Бір ерегістен соң қайтып кетуі керек еді ғой. Бірақ ол соңына дейін, адамның жанын алуға дейін барған. Ешкімнің өмірін мезгілсіз қиюға ешкімнің де қақысы жоқ қой. Бұл деген бір үйдің жалғыз ұлы. Үміт артып отырған, жалғыз тірегіміз... Қызым биыл оқуға түседі. "Қарындасымды оқытамын. Жұмысқа тұрамын. Үй аламын" деп айтатын. Арман-мақсаттары көп, өмірге деген талпынысы ерекше бала болған. Қарап тұрсаң әділетсіздік. Бір ерегіске бола баламыз кетті. Мұндайды ешқандай ата-ананың басына бермесін. Шынын айтқанда бір әулетті ұрпақсыз қалдырып, отын сөндірді», — деді марқұмның анасы.

Қазір мұндай оқиғалар қоғамды селт еткізбейтін болды. Себебі жастарға қатысты қылмыстық істер жиі болады. Оқиға бірнеше күн талқыланады. Кейін ұмытылады. Бірақ сол оқиғаның ішінде марқұмның отбасы үшін уақыт тоқтап қалады. Ас бөлмедегі бос орын, телефондағы соңғы хабарламалар, соңғы сөздер, бәрі санадан өшпейді. Бұл бір ғана отбасының қасіреті емес. Мұнда бүтін бір қоғамның ауыр дерті жатыр. Бір сәттік жалған намыс бір адамның ғана жанын алмай, бір әулеттің қабырғасын қайыстырып кетеді. Оның үстіне кәмелетке толмағандардың қолына пышақ алып шығуы өте қорқынышты жайт. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар