Шымкент қаласында бойжеткен Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында айыпталушы Шерхан Аймахан іс материалдарында қызға 35 мәрте соққы жасалғаны көрсетілгеніне қарамастан, өзінің пышақты 6-7 рет қана сұққаны есінде екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот процесі барысында сотталушы бұған дейін берген түсініктемесін өзгертті. Ол бұрын өзіне бірінші болып Нұрайдың пышақ ала жүгіргенін айтқан болса, бұл жолы өз денесіне жарақатты өзі салғанын мойындады. Сондай-ақ ол 11 қаңтар күні арадағы қарым-қатынасты түжола тоқтату мақсатында бойжеткенді кездесуге шақырғанын айтты.
Өз кінәсін ішінара түсіндіруге тырысқан Аймахан сот залында: «Мен Нұрайға мұндай жарақат саламын деп ойламадым. Оған жамандық жасау ойымда болған жоқ. Оған пышақты 6-7 рет қана сұққаным есімде», – деп куәлік берді.
Қазіргі таңда шулы қылмыстық іс бойынша сот тергеуі одан әрі жалғасуда.