Ақтөбе облысында оқушыны сыныптастары соққыға жықты. Оқиға Ақтөбе облысы Темір ауданының Шұбарши ауылында болған, деп хабарлайды Alash.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Анасының айтуынша, үзіліс кезінде төрт оқушы оның ұлына шабуыл жасап, ұрып-соққан. Күшті соққылардан баланың жыныс мүшелері зақымданған. Қазір ол облыстық балалар ауруханасында, жағдайы - орташа ауыр.
Жарақат алған жеткіншек енді мектепке барғысы келмейді. Ата-анасы оның буллинг құрбанына айналғанына сенімді.
– Ұлым: “Анашым, ертең мектепке бара алмаймын, ол жерге енді ешқашан бармаймын”, – дейді. Неге менің баламды осылай қатыгездікпен ұрды? Мен ана ретінде баламды толық емдеуді талап етемін, – дейді ашынған Гаухар Мұқанова.
Полицияның мәліметінше, бұзақылық жасағандардың жасы 12-13 шамасында, сондықтан оларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға болмайды. Дегенмен жасөспірімдер есепке алынған, ал ата-аналарына әкімшілік айыппұл салынған.
Мектепте тексеру жүргізіліп жатыр, мұғалімдер тәртіп бақылауын күшейтуге уәде берді. Ауыл тұрғындары мен ата-аналар балаға жарақат салғандарды әділ жазалауды талап етуде.
– Жасөспірімдердің ата-аналары балаларын дұрыс тәрбиелемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқиға бойынша материалдар жиналып, кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды, – деп хабарлады Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметі.