Алматыда 34 жастағы Феруза Жүкенованың қазасына қатысты сот процесі мәресіне таяп қалды. Басты айыпталушы тағында марқұмның азаматтық күйеуі, 39 жастағы бұрынғы полиция қызметкері Серік Накимов, деп хабарлайды Alash.kz.
Күдіктіге өте қатыгездікпен кісі өлтірді деген айып тағылған. Сот залында алғашқы минуттардан-ақ екі тарап арасында текетірес байқалды. Айыпталушы мен оның адвокаты БАҚ өкілдерінің қатысуына қарсылық білдіріп, бет-жүздерін түсіруге тыйым салды.
Қазіргі таңда сот тергеуі аяқталып, тараптардың жарыссөзі басталды. Мемлекеттік айыптаушы Бейсенбек Жүніс экс-полицейді 18 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап, мынадай төл сөзін жеткізді:
— Накимов Серікке қатысты қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 18 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын.
Қайғылы оқиға былтырғы жылдың мамыр айында Алматыда орын алған. Тергеу болжамы бойынша, отбасылық жанжал кезінде бұрынғы полицей азаматтық әйеліне бірнеше рет пышақ сұққан. Марқұмның туыстары оның денесінен 39 пышақ жарақаты табылғанын айтады. Күйеуі бұл қылмысты балаларының көзінше жасап, кейін өз-өзіне қол жұмсамақ болғанымен, аман қалған.
Сотта айыпталушы қылмысты «аффект» (жан күйзелісі) жағдайында жасағанын айтып, өз айыбын тек жеңілдетілген 101-бап бойынша мойындайтынын білдірді. Судьяның сұрақтарына ол былай деп төл сөзін берді:
— Маған айтатын ештеңе жоқ, Төраға.
— Айтарға ештеңеңіз жоқ па? Кінәңізді мойындайсыз ба?
— Иә, мойындаймын.
— Осы бап бойынша ма?
— 101-бап бойынша.
— Талап арыздар бойынша не айтасыз?
— Не айта аламын? Жәбірленуші тарап… Не бар еді, бәрін соларға бердім.
Марқұм Феруза Жүкенова Ұзынағаш ауылындағы балабақшаның директоры болып еңбек еткен. Ал оның күйеуі Алматы облыстық Полиция департаментінде 15 жыл қызмет атқарып, кейін жағымсыз себептермен жұмыстан шығарылған. Ерлі-зайыптылар үш бала тәрбиелеп отырған еді. Марқұмның туыстары балалардың жағдайын айтып, қандықол күйеу балаға өмір бойына жаза кесуді талап етуде:
— Балалар анасын іздейді. Күнде «Мама қашан келеді?» деп сұрайды. Немерелерім анасы мешітте деп ойлайды. Қолымен істеген соң, басымен жауап берсін!
Қазіргі таңда қорғау жағы қылмысты аффект жағдайында жасалды деп, істі басқа бапқа ауыстыруды сұрап отыр. Алайда жапа шеккен тараптың адвокаты Мейірман Шекеев мұнымен келіспейді:
— Біз оның аффект жағдайында болғанын көріп тұрған жоқпыз. Ол өз әрекетіне есеп берді. Айыпталушының тұлғасына назар аудару керек: ол 15 жыл бойы полиция қызметкері болып, бірнеше рет тексеруден өткен. Ол күнделікті жұмысында мұндай отбасылық жанжалдарды көріп, оқиға орнына шығып жүрген адам. Оған дейін де отбасында ұрыс-керіс болған. Сонда ол сол күні кісі өлтіруі керек пе еді?
Анасынан айырылған отбасы экс-полицейді барынша ауыр жазалауды және келтірілген моральдық зиян үшін сотталушыдан 100 миллион теңге өндіріп алуды талап етуде. Қылмыстық іс бойынша соңғы үкім таяу күндері шығады.