Израиль мен Ливан арасында бітім орнауы мүмкін. Израильдік және ливандық БАҚ Израиль мен Ливан арасында жақын арада бітім орнауы мүмкін екенін хабарлауда, деп хабарлайды Alash.kz.
Ливанның “Ан-Нахар” газеті бітім туралы ақпаратты парламенттегі дереккөздерге сүйеніп жеткізді. Олардың айтуынша, Израиль мен Ливан арасындағы атысты тоқтату режимі алдағы 36 сағат ішінде жариялануы мүмкін. “Парламент спикері Набих Берридің қонақтары: 36 сағат ішінде атысты тоқтату жарияланады”, – деп хабарлады басылым.
Ал Израильдің мемлекеттік Kan телерадиокорпорациясы аты аталмаған израильдік шенеуніктерге сілтеме жасай отырып, Ливанмен келісімге осы аптада қол жеткізілуі мүмкін екенін бұған дейін хабарлаған.
Канның мәліметінше, жексенбі кешінде премьер-министр Биньямин Нетаньяху қорғаныс министрі Исраэль Кац және қауіпсіздік саласының жоғары лауазымды тұлғаларымен келісімді талқылау үшін кеңес өткізген. Бұл келісімді АҚШ тарапы қолдап отыр.
Өткен аптаның басында АҚШ президентінің Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Амос Хохштейн Бейрутқа ресми сапармен келіп, Ливан мен “Хезболла” қозғалысының атысты тоқтату туралы америкалық ұсынысқа қатысты ұстанымдарын тыңдаған.