Атыраулық келіншек 3 жас және 11 айлық балаларының өліміне күдікті ретінде ұсталды. 29 жастағы әйел босанғаннан кейін депрессияда түсіп кеткен. Бұл туралы Orda.kz хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Қайғылы оқиға 23 наурыз күні Ақтөбе облысының Қандыағаш қаласында болды. Сенімді дереккөздерге сүйенсек, келіншек балаларын өз қолымен тұншықтырып өлтірген.
Полиция кәмелет жасқа толмаған екі баланың денесі табылғанын растады.
«Балалардың өліміне күдікті ретінде анасы ұсталды. Ол Атырау облысының тұрғыны. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол босанғаннан кейін депрессияда болған. Қылмыстық іс қозғалды, күдікті уақытша үстау изоляторына қамалды», деп хабарлайды Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Ғалым Байжанов.
Қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары полиция басшылығының бақылауында екені хабарланды.