Әлеуметтік желілерде танымал әнші Қайрат Нұртастың шығармашылық кешінен кейін жаппай қайғылы жағдай болды деген көрінеу жалған ақпарат таратқан қала тұрғыны құрықталып, ісі сотқа жолданды, деп хабарлайды Alash.kz.
Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, желі қолданушыларының бірі концерттен соң 3 адам қайтыс болып, 100-ден астам көрерменнің жарақат алғанын, оның ішінде 50 адамның аяғы сынғанын жазып, дүрбелең тудырған. Сондай-ақ әйел адам аренаға сыймаған 6 мың көрерменнің қақпаны құлатып кеткенін алға тартып, бұл орын көп адамға есептелмегенін мәлімдеген.
Алайда құқық қорғау органдары бұл деректердің ешқайсысы шындыққа жанаспайтынын және халық арасында негізсіз үрей туғызғанын қатаң түрде мәлімдеді. Жүргізілген жедел тексеру шараларының нәтижесінде жалған ақпарат авторы тез арада анықталып, оған қатысты барлық қажетті құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Осы орайда тәртіп сақшылары тұрғындарды интернет желісінде кез келген жарияланымға сыни көзбен қарауға, тек ресми дереккөздерге ғана сенуге және фейк ақпарат таратқаны үшін қатаң заңды жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.