Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Нұрлыбенк Нәлібаев қалай көрмей отыр?

08:17, 05 қазан 2023 176


 Бірақ бұл шаруа көп шығын мен уақытты қажет ететін құрылысқа жатады. Қызылордада бұл мәселені шешудің бір оңтайлы жолы бар. Жергілікті биліктің «құлағына алтын сырға» деп, әріден тарқатып айтайық.

Иә, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа бір оқпен екі қоян атып алатын мүмкіндік туып тұрғанын жергілікті тұрғындар да айтып жүр.

Теміржол: Үсті көпір, асты өткел, жан-жағы соқпақ

Қызылорда қаласындағы «КБИ» аталып кеткен теміржолдың арғы бетіндегі шағын ауданда тұратын Нұралы ақсақал қаланың Шұғыла мөлтек ауданында оқитын немерелерін теміржолдың жолүсті өткелінен күніне бірнеше мәрте өткізіп, мектептен қайтарда тағы да осы жерден күтіп алады. Зейнет жасындағы қария осы жерде жақында құрылысы басталған теміржол аспалы көпірінің жұмысын да бағдарлап жүр. Биік етіп соғылып жатқан құрылысқа қарап, «бұл көпірмен бастауыш сыныбында оқитын немерелерім қалай өтпек?» деп те уайымдайды.

Ақсақалдың уайымдайтын да реті бар. Өйткені ойын баласы қашаннан өз дегенімен жүргісі келеді ғой. Күндердің күнінде арқасындағы ауыр сөмкесін ауырсынып, көпір асып жүрмей-ақ тура салса қайтеді, ескі төте сүрлеумен кетсе не болмақ? Жергілікті билік қанша жерден аспалы көпір маңайы қоршалады дегенімен, ойын баласы сабақтан келе жатып теміржолдың өзге аумағынан тура жол жасап алса, жаңа көпірден қайыр болмай қалайын деп тұр. Өйткені төте түскен сүрлеу жол пайда болғасын бала тұрмақ, қарттар да, ересектер де аспалы көпірді айналып өтетіні белгілі. Ал жергілікті шенділердің аспалы көпірде мүгедектігі бар жандар мен балаларға арналған лифт болады деген уәжіне, оның үздіксіз жұмыс істеп тұратынына да жұрт сенбейді. Сенбей қайтсін, Назарбаев даңғылында салынған аспалы көпірдегі мініп-түсіру қондырғысы ақыры істемей, сол күйі құлыптаулы тұрса.

Ал Нұралы ақсақал болса, сонау сәбет үкіметі тұсында осы жердегі жерасты жолын еске алады. Иә, ол дәуірде Сырдария арнасына сыймай тасып жататын. Сол кезеңдегі инженерлер Сырдан тасыған су Қызылорда қаласын шайып кетуі мүмкін деп, қауіпсіздік үшін теміржол астынан су өтпелі жолдарын салған екен. Сұрастырып көрсек, мұндай жолдардың Қызылорда қаласының бойында бірнешеуі бар екен. Кейін Сырдария тартыла бастаған соң, сол уақыттарда теміржол астындағы су жолдары жаяу жүргіншілер жолына айналып, кейбір көлемділері көлік жолына да айналып кетіпті. Бүгінде ол автомобиль жолдарының бірі «тесік көпір» деп аталады. Титов қыстағында да осындай тағы бір жол «жұмыс» істеген екен, кейін жауып тастапты. Ал жаяу жүргіншілер жолдары бертінге дейін қызмет жасап, кейіннен тек Титов қыстағындағы жаяу жүргіншілерге арналған жерасты жолы ғана қалып, қалған жолдардың екі жағын құммен бітеп, жауып тастаған.

Енді Нұралы ақсақал осы жабық тұрған теміржол асты өткелін жергілікті билік қайта ашып берсе дейді. Бұл өтініш «КБИ», «Малбазар» аумағында тұратын барлық тұрғындардың өтініші екенін айтады.

Біз өз тарапымыздан қалалық әкімдікке хабарласып, тұрғындар өтінішін жеткіздік. Қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай, теміржол бойы ҚТЖ-ға қарағандықтан шешім сол жақтан болатындығын, ал аспалы көпір осы аймақтың тұрғындарының өтініші бойынша іске асып жатқанын айтты.

Көз жеткізу мақсатында аспалы көпір түсіп жатқан маңайға барып, зерттеп көрсек, мұнда да көміліп жатқан жерасты жолы бар болып шықты. Ені екі метрден асатындай жерасты жолы шынымен бітеліп қалыпты. Дегенмен ыждаһаттап, икемдеп, қайта пайдалануға берсе, біраз жұрттың сауабын аларлықтай оңтайлы іс. «Көлік жүреді» дейтіндей кең емес, егер көліктер де жүріп алады деп күдіктенсе, шағындап, түсіп-мінетін баспалдақ орнатса болды. Жарық орнатып, асфальт төсеп қойса, қала бюджеті миллиондаған шығындардың алдын алар еді.

Бүгінде аталмыш аспалы көпірді «Гүлнұр МК» серіктестігі 291,8 млн теңгеге салып жатыр. Құрылыс жуырда пайдалануға берілуі тиіс. Сондай-ақ дәл осы мердігер Жалағаш кентінде де осындай аспалы көпірдің құрылысын жүргізуде. Оның да құны осал емес, 328,7 млн теңге. Жуырда ғана Н.Нәлібаев іргетасын құйып кетті. Қос бірдей көпірді салып жатқан мердігердің бұрыннан көпір салудан тәжірибесі бар-жоғын іздегенімізбен, ашық деректерден мәлімет таппадық. Алдында салынған аспалы көпірлерді өзге мердігерлер салған болып шықты. Сондықтан сыбайластықтың көрінісі жоқ па деген логикалық сұрақ туындайды.

Біз теміржол жерасты өткеліне қанша қаржы кетуі мүмкін деген сұраққа жауап іздеп көрдік. Құрылыс жұмыстарымен айналысатын Диманың (фамилиясы тендерде көзге түсуі мүмкін деген ескертпемен жарияламадық) айтуынша, көп те қаржы кетпейтінін білдік. Бар болғаны 5-10 миллионның көлемі екен.

«Дайын тұрған, бұрыннан ізі бар өткел болғандықтан, арғы жағынан 5 метрге дейін қазып, бетондап, жол салуға, жарықтандыруға әрі кетсе «грубый есеппен» 10 млн-ға жасауға болады» – дейді ол.

Ендігі мәселе – облыс пен қала мерейтойына кәсіпкерлерден жылу жинап, құрылыс жүргізіп жатқан жергілікті шенділер қала тұрғындарына тарту ретінде осы теміржол жерасты өткелін ашып берсе, сыйлықтың көкесі болып қалар еді.

Қараусыз жол қылмысқа итермелейді

Сол жерден өтіп жатқан тұрғындардан сұрастырып отырып, тағы бір жайтқа құлақ түрдік. Ертеде, Тәуелсіздіктің елең-алаңында, елде ауыртпашылық болған заманда, бала ұрлап, ата-анасын бопсалап, кәсіп қылғандар осы жерасты жолына ұрлаған балаларды қамап ұстаған деседі. Сол жайттың біріне куә болған Гүлден апаның айтуынша, осындай қауіпке душар болған көршісінің екі баласы әупіріммен қашып құтылыпты. Одан қалды маскүнемдер мен нашақорлар мекеніне айналғанын, ақыры жолды жауып, бір-ақ тынғанын айтады. Бірақ бұндай криминал оқиғаларды жергілікті полиция бөлімшесінің қызметкерлері мақұлдамады да, я терістемеді де. Өйткені ол заманның милиция өкілдері бұл заманда зейнеткер әрі ол кездің қылмыстарын қарау үшін талай қағазды, ашылмаған істерді қопаруды қажет ететіндігін айтады.

Енді осы теміржолдағы жерасты өткелін қайта ашу мәселесін Қазақстан темір жолының орталық аппаратына қою үшін бірнеше күнімізді шығындап, телефонға жауап беретін жан таба алмадық. Қызылорда облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы да бұл мәселенің өздеріне қатысы жоқ екенін айтады. Ақыры сұрастыра жүріп ҚТЖ-ның Қызылорда магистральді желі бөлімшесінің директоры, қалалық мәслихат депутаты Ибрагим Басықараевпен тілдестік.

«Мектеп уақыты мен жұмыс уақытында, яғни қарбалас уақытта (час пик) бұл жерден өтетін адамдар мен оқушылар көп болады, сондықтан біздің тарапымыздан кезекшіліктер қойылады. Шұғыла мөлтек ауданына қарай өтетін «КБИ» мен «Малбазар» тұсы қауіпті жол. Біраз жылдан бері айтылып келе жатқан аспалы көпір құрылысы жүріп жатыр, жақын арада пайдалануға беріледі. Сіз айтып отырған қосымша жол, яғни теміржолдың бұрынғы жерасты жолын қайта пайдалануға беруге болады. Ол жолдың жабылу себебі, тәуелсіздік алғаннан кейін теміржолдың үстіне екінші жол түсті да, жерасты өткелі әрмен қарай қазылмай жабылып қалды. Ол кезде бұл жерасты жолының үстінен тек бір ғана теміржолы өтетін еді, кейіннен екіншісі қосылғасын ол жолды келесі бетке шығатындай етіп қазу керек болатын. Бірақ ол кездері мән бермеген болу керек. Егер жергілікті билік жерасты жолын аршып, келесі бетке өтетіндей етіп қазып, жолды аршимыз десе, біздің тарапымыздан қарсылық жоқ», – дейді Басықараев.

Демек, жерасты өткелін пайдалануға беріп, арнайы кезекші қоюға болады деген сөз. Бұл мәселе шешілсе, балаларын мектепке жіберіп, «теміржолдан аман өтіп келсе екен» деп тілеп отыратын ата-аналардың көңілі тыныш болар. Немерелерін сабаққа шығарып салып, күтіп алып жүрген Нұралы ақсақал сияқты зейнеткерлердің де арқасы кеңіп қалар еді. Жергілікті билік осы мәселені тағы бір пысықтап, тиімді жолды пайдаланып көруге тырысар деп сенеміз. Өйткені Конституцияның 1-бабында жазылғандай, республикамыздың ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі.

P.S. «Бюджет қаражатын алу үлкен еңбекпен келеді. Мен үнемі барлық басқарма басшыларына, аудан, қала әкімдеріне бюджет қаржыларының тиімді жоспарлануына қатаң талап болатынын ескертіп келемін. Бюджеттің әр тиыны сұраулы». Бұл облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың осы жыл басында айтқан сөзі. Бюджет қаржысының қадірін білетін әкім Қызылорда жақта жерасты өткелі дейтін көмулі жатқан қазына бар екенін біле ме екен? «Ине өткен жерден жіп өтеді» деп, бір кездері су аққан көпірді басқаша пайдаланып кеп жіберсе, кім біледі, соңғы кездері сынға жиі ұшырап жүрген әкім «әр тиыны сұраулы» бюджетті үнемдеудің үлгісін көрсетіп берер ме еді...

Нұрбек Дәуренбеков

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар