Беларусьтің бұрынғы "Голос" шоуының қатысушысы Мьянмада құлдыққа түсіп, кейіннен оның ағзаларын сатып жіберген, деп Alash.kz ұлттық порталы Shot Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Минск тұрғыны жарнама арқылы Таиландқа модель ретінде жұмыс істеуге кеткен, бірақ оны Бангкоктан Мьянмаға алып кетіп, алаяқтық колл-орталықта (scam-орталықта) жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Көп ұзамай қыз байланысқа шықпай қалған.
Біраз уақыттан кейін оның туыстарына белгісіз адамдар хабарласып, қыздың ағзалары сатылғанын және денесі өртелгенін айтқан.
Беларусьтің Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Қазіргі таңда Вьетнамдағы Беларусь елшілігі жоғалған азаматшаны іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Анасының айтуынша, онымен байланыс 4 қазанда үзілген", – делінген министрліктің ресми мәлімдемесінде.
Беларусь пен Мьянма сыртқы саясат және құқық қорғау органдары, сондай-ақ елдің Янгон мен Бангкоктағы құрметті консулдықтары іздестіру іс-шараларына қатысып жатыр.