Қарағандыда қоғам назарын аударған Алика Мұхамадиева ісі бойынша сот процесі басталды. Тыңдалым ашық форматта өтуде, алайда айыпталушыны фото және бейнежазбаға түсіруге сот тыйым салды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бастапқыда прокурор Фарида Сәдуова істі жабық түрде қарауды сұрап, бұл ұсынысты айыпталушы мен қорғаушы тарап та қолдаған. Дегенмен, судья Арғын Құтышев өтінішті қанағаттандырмай, сот отырысын ашық өткізу туралы шешім шығарды.
Сонымен бірге, Мұхамадиева мен оның адвокаты БАҚ өкілдерінен айыпталушының бейнесін жарияламауды өтінген. Судья бұл өтінішті орындап, журналистерге оның жүзін фото және бейнекамераға түсіруге тыйым салды.
Сот материалдарына сүйенсек, Алика Мұхамадиева - жүк жеткізу қызметін және шағын киім дүкенін басқаратын кәсіпкер. Ол биыл жазда Threads әлеуметтік желісінде жазған даулы пікірлерінен кейін көпшіліктің сынына ұшыраған болатын.
Сот отырысы кезінде Мұхамадиева өз кінәсін толық мойындап, өкінетінін жеткізді. Көзіне жас алған ол:
“Бәрін түсіндім, өкінемін”, — деді.
Қорғаушысы істі қысқартылған тәртіппен қарауды сұрап отыр. Қоғамда қызу талқыланып жатқан іс бойынша сот үкімі алдағы уақытта белгілі болады.