Аты аңызға айналған кеңес гимнасты, үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Дитянин 69 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Alash.kz.
Белгілі спортшы өмірінің соңғы жылдары А.И. Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университетінде оқытушы болып еңбек еткен. Оқу орнының әкімшілігі ұлы спортшының қазасына байланысты оның отбасына және жақындарына көңіл айтты.
Александр Дитянин спорт тарихында мәңгілік із қалдырған тұлға. Ол 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарында сегіз бірдей медаль жеңіп алып, спорт әлемін дүр сілкіндірген. Оның еншісінде үш алтын, төрт күміс және бір қола жүлде бар.
Ең таңғаларлығы – Дитянин гимнастика тарихында бір Олимпиадада барлық мүмкін жаттығулар бойынша медаль алған алғашқы әрі әзірге жалғыз спортшы болып қала беруде.
Осы ерекше жетістігі үшін оның есімі Гиннес рекордтар кітабына енгізілген.