Алматы әуежайы Bek Air компаниясын 22,9 миллион теңгеге шығынданғаны үшін сотқа берді, деп жазады Alash.kz.
2019 жылдың желтоқсанында орын алған Bek Air әуе компаниясының Fokker 100 ұшағының апаты ел есінде ауыр оқиға ретінде сақталған. Апаттан кейінгі жылдарда басталған сот процесі әлі де жалғасып келеді. Жақында Алматыда өткен сот тыңдалымында жаңа деректер белгілі болды. Алматы халықаралық әуежайы Bek Air компаниясына 22 миллион 895 мың теңге көлемінде өтемақы талап еткен.
Әуежайдың заңгері Альберт Жазыбаевтың айтуынша, апат кезінде аэродром аумағындағы жарық сигналдық құрылғылар мен қоршаулар зақымданған. Сол себепті әуежай компаниядан материалдық шығынды өтеуді сұрап отыр.
“Азаматтық талап арыз берілді, барлық құжаттар іс материалдарына тіркелген”, — деді Жазыбаев.
Сонымен қатар ол ұшақтың мұздануға қарсы өңдеу сапасына қатысты түсініктеме берді. Әуежай тек әуе компаниясының өтініші мен төлемі негізінде қызмет көрсететінін айтты.
“Мұздануға қарсы сұйықтықты қолдану мен сапасын бақылау қызметті орындаушы тараптың жауапкершілігінде. Егер қосымша бақылау тапсырыс берілмесе, ол жүргізілмейді”, — деп нақтылады ол.
Бұған дейін қорғаушылар ұшаққа қолданылған антиобледенитель сұйықтығының құрамы шатасып кеткен болуы мүмкін деген нұсқаны ұсынған еді.
Еске сала кетсек, 2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker 100 ұшағы Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған соң бірнеше минуттан кейін әуежай маңында құлаған. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған.