Семей қаласында көптен күткен әкім сайлауы аяқталды. Нәтижесінде өзін-өзі ұсынған кандидат Әділет Қожанбаев жеңіске жетті, деп хабарлайды Alash.kz
Жаңа әкімге 89 441 сайлаушы дауыс берген. Бұл – сайлауға қатысқан азаматтардың басым бөлігі.
Қожанбаевтың қарсыластары Бекжасаров пен Төлеуов тиісінше 9 763 және 12 557 дауыс жинаған. 45 жастағы Әділет Қожанбаев бұған дейін Абай облысы Көкпекті ауданының әкімі қызметін атқарған. Мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар шенеунік енді Семейдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымын жақсарту міндетін атқарады деп күтілуде.
Бұған дейін Семей қаласы әкімі лауазымына сегіз адам құжат тапсырған болатын. Алайда олардың үшеуіне тіркеуден бас тартылып, бір үміткер өтінішін өз еркімен қайтарып алған. Тіркеуден өтпегендердің қатарында қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бұрынғы басшысы Бақытбек Байболов та болды. Ол комиссия шешіміне келіспей, сотқа шағымданғанымен, жеңіліп қалған.
Сайлау процесіне қатысты кейбір азаматтық белсенділер билікке ыңғайлы кандидаттар ғана қатысқанын айтып сынға алды. Дегенмен сайлау күні Семейде 128 сайлау учаскесі жұмыс істеп, дауыс беру барысы ашық түрде өтті.
Қала халқы 300 мыңнан асады, олардың шамамен 220 мыңы дауыс беру құқығына ие.